Нұрлан Нығматулин әлеуметтік мекемелердегі тамақ сапасын арттырудың жолын айтты

Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өтіп жатқан палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда депутаттар талқысына ұсынылды.

Онда депутаттар әскери қызметшілердің тамақтануын қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтерді «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның қолданылу аясынан шығаруға бағытталған түзету енгізді. Оның орнына мұндай көрсетілетін қызметтерді қазір мектептерде оқушылардың тамақтануын қамтамасыз ету процесінде жасалып жатқандай, ерекше тәртіппен сатып алу ұсынылды.

Палатаның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл ұсыныстың әскери мекемелерге лайықты екенін айтты.

Бірақ бұл жерде бір үлкен мәселе бар. Ол — демпинг мәселесі. Мысалы, тәжірибе ауруханаларда, мектептерде осы демпинг бағамен алынған тамақтарда ешқандай сапа жоқ екенін көрсетті. Ертең әскери мекемелерде осындай жағдай болуы мүмкін. Сондықтан осы мекемелерге (мектептерге, ауруханаларға, әскери орындарға) ешқашан демпингті қолдануға болмайды, — деді.

Нұрлан Нығматулин аталған әлеуметтік нысандарды тамақпен қамтамасыз етуде алдымен сапаға, одан кейін, бағаға назар аудару керек екенін айтты. Ол айтылған ұсынысты екінші оқылымға дейін тағы бір мәрте тыңғылықты қарауды тапсырды.