«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығынан 271 адам үмітті

Талантты жастарға берілетін «Дарын» сыйлығының ақшалай мөлшері 3 есе артты. Бұл туралы ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев айтты.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасында Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті. Отырыста министр 2018 жылы «Дарын» сыйлығының мөлшері 3 есе артып, әр номинация бойынша 600 мың теңге үлестірілетін айтты.

Комиссия мүшелері 2018 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын анықтады. Сыйлықақыны беру туралы шешім оны Үкімет қабылдаған сәттен бастап күшіне енеді және жеңімпаздар желтоқсан айында өтетін салтанатты рәсім барысында марапатталады.

Биыл марапатқа өтінім білдіргендердің саны рекордтық межеге жетті — 301 өтінім келіп түскен. Оның ішінде, 271 өтінім қабылданып, қаралды.

«Театр және кино» номинациясы бойынша өтінімдер саны — 41, «Журналистика» бойынша — 15, «Әдебиет» — 18, «Спорт» — 37, «Эстрада» — 21, «Классикалық музыка» — 17, «Халық шығармашылығы» — 20, «Дизайн және бейнелеу өнері» — 17, «Ғылым» — 48, «Қоғамдық қызмет» —  37 өтінім. 2016 жылы сыйлыққа 126, 2017 жылы 213 өтінім келіп түскен еді.

Мен «Дарын» сыйлығының лауреаты болдым. Аталған сыйлық оны алғандарға ғана емес, оған ұсынылғандарға да үлкен шабыт береді. Жастар қатарластарының жетістіктерге жетіп, сыйлыққа ие болып жатқанын көріп, өздері де белгілі бір нәтижеге жету жолында күш-жігерлерін салады, — дейді Парламент депутаты, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.

БҰҰ Жас көшбасшылар қауымдастығының мүшесі, CentrAsia Group холдингінің бас директоры, комиссия мүшесі Олжас Сүлейменовтің айтуынша, «Дарын» сыйлығының деңгейі жыл сайын жоғарылап келеді.

Бүгінгі комиссия жұмысын өте қарқынды, ашық пікірталас түрінде өтті деп айтуға болады. Барлық үміткер де лайық. Елімізде әртүрлі салада және әрқайсы өз саласы бойынша табысты болған көптеген жас бар екенін мақтан тұтамын. Комиссияның мүшесі болу — үлкен құрмет. Менің ойымша, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының деңгейі  жыл сайын артып келеді, — деді Олжас Сүлейменов.

Еске сала кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы 1992 жылдан бастап жыл сайын жастардың ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет, спорт салаларындағы жетістіктеріне қолдау көрсету мақсатында табысталады. Сыйлық иегерлеріне ҚР Үкіметінің қаулысымен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгілермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.