Оқымайтын және жұмыссыз жастарға арналған жол картасы іске асырылады

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында NEET-жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасының жобасы мақұлданды.

Жол картасын ҚР Қоғамдық даму министрлігі әзірлеген. NEET (Not in education, employment or training) түсінігі «еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын» деген мағынаны береді. Мәселенің маңызын ескере отырып, NEET-жастар тақырыбына жан-жақты талдау жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық даму министрлігі 18-ден 29 жасқа дейінгі жас аралығындағы NEET-жастарды, оның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын қабылдау бойынша жұмыс жүргізді.

Жол картасы 30 тармақтан тұрады және жастарды әлеуметтендіру бойынша бірқатар өзекті іс-шараны қамтиды. Атап айтқанда, кәсіпті таңдау бойынша жастар үшін консультациялық орталықтарды құру, техникалық және кәсіптік білім беруді жолға қою, дуалдық білім тиімділігін арттыру, еңбек нарығында жастардың тарапынан сұраныс және ұсыныс картасын әзірлеу, сонымен бірге жастар кәсіпкерлігін дамыту шаралары бар.

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың айтуынша, батыс тәжірибесінде, мәселен, Жапонияда, NEET жастардың еңбек нарығынан және білім алудан өз еркімен бас тарту элементін білдіреді. Бұл — бейәлеуметтік мінез-құлық, жылдам топтанатын әлемнен қашуға әрекеттену. Жастар өзінің жеке бірегейлігін табуға ұмтылады және қолданыстағы әлеуметтік құрылымда өздерін қолайлы сезіне бермейді. Осыдан суицидке бару, девианттылық, терең әлеуметтік жатсыну секілді проблемалар туындайды. Отбасы құндылықтары бұзылады.

Халықаралық еңбек ұйымының 2017 жылғы баяндамасында 20 жылдың ішінде әлемдегі жастардың саны 139 миллион адамға артқаны, ал жұмыспен қамтудың үлесі 35 миллион адамға кемігені көрсетілген, — деді Дархан Кәлетаев.

Ол жастардың жағдайы мен көңіл-күйлеріне жалпы жұмысқа тұрудағы тапшылық әсер ететінін жеткізді.

Жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасы (NEET) 7 санаттағы халықты қамту шараларын көздейді:

асыраудағы адамдар,

жас әйелдер,

фрилансерлер,

ауыл жастары,

мүмкіндігі шектеулі адамдар,

аз қамтылған отбасылардан шыққандар,

жастардың бейәлеуметтік топтары (бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан, есірткі және ішімдікке тәуелді, оңалтудан өтіп жатқандар).

Үш түрлі жас мөлшерінде жастарды қамту жоспарланған: кіші жас тобы — 18-ден 22 жасқа дейін, орта жастағы кіші топ — 22-ден 24 жасқа дейін, ересек жастағы кіші топ — 25-тен 29 жасқа дейін.

Жол картасында NEET-жастармен жұмыс істеудің мынадай талаптары қарастырылып отыр:

1. Кәсіптік бағдар: кәсіпті таңдау бойынша жастар үшін консультациялық орталықтарды құру; болашақтағы перспективалық кәсіптер туралы жастарды бағдарлау үшін функционалдық шолулар өткізу.

2. Техникалық және кәсіптік білім беруді жолға қою: қосарлы білім тиімділігін арттыру; инженерлік кадрларды дайындауды есепке алып колледждерде құзыреттілік орталықтарын құру.

3. Жастарды мемлекеттік қолдау және дамыту шаралары туралы жастарды ақпараттандыру деңгейін арттыру: еңбек нарығында жастардың тарапынан сұраныс және ұсыныс картасын әзірлеу; бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру тәжірибесін жалғастыру; ақпараттық науқан мен қоғамдық тыңдауларды жүргізу.

4. Жастар кәсіпкерлігін дамыту: жастардың жобаларын бизнес-жоспарды ұсынған кезде мемлекеттік гранттық қаржыландыру мәселесін енгізу.

5. Әскери-патриоттық тәрбие.

6. Жастар ресурстық орталықтарының қызметтерін жетілдіру.

7. Тұрғын үй мәселесін шешу: жастардың тұрғын үй кооперативтерін құру; Алматы қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын құру.

8. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру құралдарын бейімдеу: балаларды тастап кетуге жол бермеу үшін жалғыз басты жас аналарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлу.

9. Әдістемелер мен заңнамаларды жетілдіру: еңбек заңнамасына NEET түсінігін нормативтік-құқықтық бекіту мүмкіндігін қарастыру; NEET-жастар бойынша мақсатты зерттеулер жүргізу; «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйе шеңберінде NEET санатындағы жастарды есепке алу жүйесін ұйымдастыру; NEET-жастардың негізгі әлеуметтік бейнесін анықтау мақсатында диагностикалық және мониторингтік әлеуметтік зерттеулер жүргізу.

10. Салауатты өмір салты: жастардың көп жиналатын орындарында воркаут-алаңдарын жоспарлау.

Осы ретте біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, жас ұрпақтың әлеуметтік шеттелуін қысқартуға ықпал ете аламыз, — деді Дархан Кәлетаев.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев республикада жастар арасында жұмыссыздық деңгейінің азайғаны байқалатынын атап өтті.

2015 жылмен салыстырғанда жастар арасындағы жұмыссыздық 4,2%-дан 2017 жылы 3,8%-ға дейін төмендеген. Бұған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар практикасы», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! (Серпін)» секілді және тағы басқа әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды орындау арқылы қол жеткізілді, — деді Ерлан Сағадиев.

Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы жылдары кадрлар даярлау сапасы жақсарды және түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші жоғарылаған. Колледж бітірушілерді жұмысқа орналасу көрсеткіштері 2012 жылмен салыстырғанда 12,6 %-ға артты. Сонымен бірге, соңғы 10 жылда өзін жұмыспен қамтыған жастар саны азайды. Білім және ғылым министрлігі жол картасы жобасындағы 30 іс-шараның 14-ін бірлесе орындайды, олардың қатарында — техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту шаралары да бар.

2014 жылдан бастап «Серпін» жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда жоба аясында 9 облыстағы 26 ЖОО-да 12 344 студент және 7 өңірде 37 колледжде 2276 студент білім алып жатыр. Жалпы, аталған жоба жастар, әсіресе, әлеуметтік статусы төмен отбасындағы жастар арасында үлкен қызығушылық туғызады және бұл -олардың кәсіби дамуына әлеуметтік лифт, — деді Ерлан Сағадиев.

Айта кету керек, жоба аясында ЖОО бітірушілерін жұмыспен қамту үшжақты келісімге сәйкес жүзеге асады, яғни шарт білім беру ұйымы, жұмыс беруші мен білім алушы арасында жасалады. Сонымен бірге 2017 жылдан бастап баршаға арналған тегін техникалық-кәсіптік білім беру жобасы іске асырылып жатыр. Осы жобаға сәйкес барлық ниет білдірушілердің тегін кәсіпті алуға мүмкіндігі бар. Жоба шеңберінде колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысы 54%-ға дейін көбейді. Одан басқа, қосарлы білім беруді енгізу бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Аталған жүйе 460 колледжге енгізілді, оған 3055 кәсіпорын қатысады, 31 мың студент білім алып жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова 2018 жылғы ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8% немесе 82,4 мың адам болғанын айтты. Бұл — республикадағы жалпы жұмыссыздық деңгейінен төмен.

Жұмыспен қамтылған жастардың жалпы саны — 2,1 миллион адам. Жұмыспен қамтылған жастардың 1,5 миллионы — жалдамалы жұмыскерлер, ал 456 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады. Жастардың 36%-ында жоғары білім, 39%-ында арнайы орта білім бар. Ал жастардың 25%-ының білімі негізгі, орта білім деңгейінде, — деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, елімізде жыл сайын 21 мыңнан астам адам техникалық және жұмысшы кәсіптеріне оқытылады. Осы жоба бойынша жастар қатарынан 38 мың адам оқытылды.