Дариға Назарбаева: Үш тілді оқытуға қатысты түсінбеушілікте біздің де кінәміз бар

Үш тілді білім беруді енгізуде көптеген түсініксіз нәрселердің болуына бізден де кінә бар. Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева осылай деді.

«Келесі өзекті қоғамдық резонанс тудырған тақырып, яғни үш тілді білім беруді енгізу. Бұл саясатта көптеген түсініксіз нәрселердің болуына бізде де кінә бар. Мұны мойындаймыз», — деді Дариға Назарбаева.

Оның атап өтуінше, үш тілді білім беру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады және ең алдымен 10-11 сыныптарда ғана тек 2019 жылдан басталады.

«Осы мәселе бойынша әлі де түсіндіру жұмыстарын жастар мен оқушылар, олардың ата-аналары арасында да жүргізу қажет. Жұмысты жандандыру үшін біздің әлі де 2 жылдан астам уақытымыз бар»,-  деді вице-премьер.

Сондай-ақ, ол бұл оқыту жүйесіне көшкен жағдайда қазақ тіліне ешқандай қауіп төнбейтінін айтады.

«Қазақ тіліне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Керісінше, тек бір пән қазақ тілінде өтіп жүрген орыс тілді мектептерде мемлекеттік тілде білім беруді жетілдіру жоспарланып отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік тілді үйренуге бағытталған жаңа әрі жеңілдетілген әдістемені жасап жатыр. Мен білім берудің бұл әдісі сәтті болатынына сенемін. Пәндерді оқытқанда бізге тіл неге керек? Егер ол тілді күнделікті қолданбасаң, тез ұмытып кетесің», — деді Дариға Назарбаева.

ДереккөзҚазАқпарат