Президент мектепке қатысты аяқсыз реформаларды тоқтатуды ескертті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында үш ауысымдағы мектептер мәселесіне нүкте қоюды тапсырды.

Бізде мектептер тапшылығы бар, сонымен қатар үш ауысымдағы мектеп жойылған жоқ. Сондықтан 2019-2021 жылдары осы жұмыстарға қосымша 50 миллиард теңге бөлінеді. Атап айтқанда, адам ұялтатын үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешіңіздер, — деді Елбасы Үкімет мүшелеріне қарата айтқан сөзінде.

Осы орайда Президент мектеп құрылысын ең қажетті деген елді мекендерде салу керек екенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, балаларды сұранысы бар мамандықтарға бағыттау керек.

Орта білім жүйесінде негізгі қадамдар айқындалды. Енді олардың орындалуына екпін қою керек. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту әдісінің жүйесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс. Бұл ретте оқыту стандарттарын айтып тұрмын. Осы орайда мектептегі білім беру саласындағы аяғы жоқ реформаларға соңғы шешім болады, — деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы Назарбаев Зияткерлік мектептері өзінің тиімділігін көрсете алғанын айтты.

Бұл оқу орындарында оқыту әдістемесі өте дұрыс, халықаралық негізде жасалған. Орта білімнен  бастап кәсіптік диагностиканы жүргізіп, балаларды сұранысы бар мамандықтарға бағыттау керек, — деді Елбасы.

Еске салайық, Елбасы биылғы Жолдауында 2019 жылы «Педагогтар мәртебесі» туралы заң қабылданатынын да айтқан еді.