Көпіршіктелген каучук, алюминий және мыс Грузияға экспортталмақ

Қыркүйек айының соңында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Грузия Сауда-өнеркәсіп палатасы бірлесе ұйымдастырған Қазақстан – Грузия бизнес-форумы өткен болатын. Бизнес-форум тау-кен, құрылыс және машина жасау салаларының ірі қазақстандық кәсіпорындарымен және әлеуетті грузиялық сатып алушылармен тікелей байланыс орнатқан негізгі диалог алаңына айналды. Нәтижесінде екі елдің сауда палаталары арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Қазіргі уакытта қазақстандық IT&M компаниясының Грузияға көпіршіктелген каучук жеткізуі туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ көшпелі кездесулер аясында DIO компаниясы Қазақстандағы заманауи аз шығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған KazMinerals компаниясынан алюминий мен мыс сатып алуға қызығушылық білдірді.

Қазақстан Грузияға мұнай өнімдерін, азотты тыңайтқыштар, макарон өнімдерін, темір прокаттарын, темекі, тоңазытылған балық, дәрі-дәрмекті экспорттап келеді. Ал Грузиядан шарап, алкогольсіз сусындар мен минералды сулар, металл құбырлар, вакциналар, сүт Қазақстанға импортталады.

2018 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 67%-ға ұлғайып, 77 миллион АҚШ долларын құрады.