Фрилансерлер зейнетақы қорына жарнаны 8 қазаннан бастап аударуы тиіс

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 8 қазаннан бастап фрилансерлердің салымын жинауға кіріседі. Бұл туралы ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Мәдина Əбілқасымова айтты.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға енген өзгерістерге сәйкес, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейтін азаматтар алдағы дүйсенбі — 8 қазаннан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті аударымдар жасауға кіріседі.

Бүгін Үкімет отырысында қаулыға дауыс берілді. Қаулы күшіне енген соң бұл норма əрекет ете бастайды. Меніңше, аптаның соңына дейін ол күшіне енеді. Келесі аптадан бастап төлей беруге болады. Жарналарды əр айдың 25-іне дейін төлеу керек, яғни, қыркүйек үшін төлемді 25 қазанға дейін жасау қажет», — деді Мәдина Əбілқасымова Үкімет отырысының сыртында берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, төлем қабылдау жүйелерінің дайындығы толық тексерілді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы дайындығын растады. Төлем қабылдауға арналған барлық код бар, қызметкерлер де хабардар. Жарна банктер арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» шотына аударылады, ал корпорация ақшаны БЖЗҚ-ға жібереді. Барлық банктер төлем қабылдауға дайын.

Фрилансерлер проблема туындаған жағдайда «Азаматтарға арналған үкімет» call-орталығына — 1414 нөміріне жəне БЖЗҚ желісіне — 1418 нөміріне хабарласа алады, — деді министр.

Еске салайық, 2018 жылғы 2 шілдеде азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша табыс табатын жеке тұлғаларды БЖЗҚ-ға жарна төлеуді міндеттейтін заң қабылданған болатын.

ДереккөзBaq.kz