2048 жылы зейнетақымен қамсыздандырудың екі деңгейі қалады

ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заң жобасын іске асырудың алғашқы қорытындылары туралы айтып берді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми сайты хабарлады.

Шілдеде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Оның нормаларының бірі азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар бойынша жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы аударымдарының шарттарына енгізілген өзгерістер болды.

Бұл заң жобасы 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 1,8 миллионнан астам адамның базалық зейнетақысын көтеруге мүмкіндік берді. Қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақының көтермеленген мөлшерлері енгізілді

,- деді Мәдина Әбілқасымова. Заң жобасының екінші басты мақсаты — бала кезінен І топтағы мүмкіндіктері шектеулі балаларға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы беру.

Бұл Мемлекет басшысының екі үлкен бастамасы болды, оларды бір 1 шілдеден бастап іске асыра бастадық. Шынымен де бұл зейнетақылардың орташа көлемін ұлғайтуға және қиын өмір жағдайындағы азаматтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік берді

,- деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Сонымен қатар Мәдина Әбілқасымова стандартты еңбек шарттары деп аталатын азаматтық-құқықтық сипатағы келісімшарттар жөнінде айтып өтті.

Бұған дейін бұл нормада олар зейнетақы аударымдарын жасауға құқылы деп айтылатын. Алайда еңбек нарығында өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен фрилансерлердің артып жатқанын көріп отырмыз. Бұл — тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде болып жатқан жағдай

,- деді министр.

Оның айтуынша, бүгінде жұмыспен қамтудың жаңа икемді формалары пайда болып отыр. Егер осыған дейін жалдамалы жұмысшыларға баса назар аударылса, ендігі Еңбек кодексінде реттеу шаралары негізінен еңбек шарты арқылы туындайтын қатынастарға бағытталған.

Еңбек нарығы дамып жатқанын түсінеміз: бұл үйде отырып қашықтан жұмыс істеу, толық емес жұмыс күні, бірнеше жұмысты қоса атқару. Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар – бұл адамға ыңғайлы форматта қызмет атқаруға мүмкіндік беретін, икемді жұмыспен қамту формасы. Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, бүгінде шамамен 126 мың адам ірі және шағын кәсіпорындарда АҚС келісімшарттар бойынша жұмыс істейді

, — деп мәлімдеді Мәдина Әбілқасымова БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып.

Нарық өсіп жатыр, келісімшарт бойынша жұмыс істейтін адамдар саны да артып келеді. Осыған байланысты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу туралы шешім қабылданды. Ол ерікті емес, міндетті сипаттағы жүйе. Ол дегеніміз, барлық жалдамалы қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер міндетті түрде өз кірістерінің 10%-ы көлемінде аударым жасайды. Бұл — лайықты қарттықты қамтамасыз етуге қажетті жеке жинақ.

Ынтымақты зейнетақы жүйесі қысқарады: 2048 жылы ол толықтай тоқтатылады деген болжам бар. Зейнетақымен қамсыздандырудың екі деңгейі қалады: бұл базалық – барлық азаматтарға арналған мемлекеттік кепілдік берілген зейнетақы, ол ынтымақты зейнетақы жүйесін алмастырады

, — деді министр.

Базалық зейнетақы мөлшері өсті. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, міндетті шаралар — тіркеу және еңбек өтілін есепке алу. Базалық зейнетақы өтіл көлеміне байланысты есептеледі. Ресми тіркелген еңбек шарттары болмаған жағдайда (көбіне фрилансерлерге қатысты) базалық зейнетақы мөлшерін есептеуде қиындықтар туындайды. Еңбек өтілі 33 жыл және одан жоғары болған кезде ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 өлшеміне тең болады (инфляция деңгейінде үнемі индекстеліп тұрады). Екінші құраушы — жинақтаушы зейнетақы, сондықтан да адамның жеке зейнетақы жинақтары мен салымдарының болуы өте маңызды.