Нұрлан Ноғаев облыста қанша жұмыс орнының ашылғанын білмеген басшыларды сөкті

Сауалына жауап ала алмаған аймақ басшысы басқармалар арасында байланыстың жоқтығын айтып, қарамағындағыларды сөкті.

Ашылған жұмыс орны туралы ақпаратты бәріңіз біліп отыруыңыз керек, — деді әкім. – Жауапкершіліктен қашып, жұмыстарыңыздың аясын шектеп отырсыздар. Әрбір басқарма бөлек әлемде өмір сүріп жатқандай. Бюджеттен бөлінген ақшаның басты мақсаты – жұмыс орындарын ашу. Кәсіпкерлік басқармасы ақшаның қалай жұмсалып жатқанын білмесе, жұмыс орнымен қамту басқармасы қанша жұмыс орнының ашылып жатқанын білмесе, ауыл шаруашылық басқармасы өз алдына хабарсыз болса, не үшін жұмыс істеп жатырмыз? Біздің мақсатымыз ақша бөлу емес, жұмыс орнын ашу, экономиканы дамыту. Бөлінген ақшаның қалай пайдаланылып жатқанын қадағалау керек. Басқармалар арасында байланыс болсын, — деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы, айтылғандарды ескере отырып, ашылған жобалардың жұмысын жіті бақылап отыруды тапсырды. Сонымен қатар, басқармалар арасында тығыз байланыстың болуын қадап ескертті.

Айта кетелік, соңғы 4 жылда Атырау облысында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жергілікті бюджеттен 807 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржы шаруаларға жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз болатын қайтарымды несие түрінде берілді. Нәтижесінде қазір 163 жоба мақұлданып отыр.