ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте соңғы кездері құқық қорғау органдарына қатысты жиі айтылып жүрген қатаң сын жөнінде пікір білдірді.
Өкінішке қарай, соңғы кездері Ішкі істер министрлігі және, ең әуелі, полиция қатаң сынға ұшырап отыр. Көп жағдайда сын әбден орынды, — деді министр.
Ведомство басшысы полиция қызметінде кемшіліктер мен шешілмеген проблемалар шынында да көп екенін айтты.
Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз және кемшіліктерді қоғамнан жасырмаймыз. Министрлік бұқаралық ақпарат құралдарындағы сыни мақалаларға мониторинг жүргізіп отырады. Әрбір сондай ақпаратқа байланысты елеулі тәртіпбұзушылық пен заңсыздық байқалған жағдайда қызметкерлерді жұмыстан шығаруға дейінгі қатаң шараларды қолға аламыз. Биыл ішкі істер органдарынан 600-ге жуық қызметкер сондай жағымсыз себеппен жұмыстан қуылды, — деп хабарлады Қалмұханбет Қасымов.
Еске сала кетейік, Алматыда Денис Тен қайғылы қазаға ұшырағаннан кейін қоғамдық ұйымдар құқық қорғау саласын реформалау туралы бастама көтерген еді. Қоғам мүшелері ҚР Ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап етті.