Алматыда құрылған азаматтық қозғалыс ішкі істер жүйесін бұзуға ниетті

Қайғылы оқиғадан соң — 21 шілде күні заң, білім саласының мамандарынан, кәсіпкерлер мен журналистерден тұратын топ әлеуметтік желіде «ІІМ реформасы үшін» аталатын азаматтық қозғалыс құрған. Мақсаты — саясаткерлердің іс-әрекетінің солғындығына, олардың азаматтарды қорғау қабілетсіздігіне қарсы тұру, бұдан былай тәртіп сақтау қызметкерлерінің әрекетсіздігіне жол бермеу.

Біз бірлесе отырып, халықтың арқасында пайда табатын қолданыстағы жүйені бұзуға шешім қабылдадық, — дейді қозғалыс өкілдері.

Аталған топқа алғашқы күннен бастап, 9000-ға жуық адам мүше болып үлгерді. 24 шілде күні қоғамдық топ мүшелері жиналып, «ҚР ІІМ жүйесін реформалау үшін не істеу керек?» деген сауалға жауап іздеді. Шарада Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының басшысы Евгений Жовтис, тәуелсіз сарапшы Назгүл Ерғалиева сияқты спикерлер өз ұсыныстарын айтты. Skype арқылы Астанадан «Талап» зерттеу орталығының басшысы Рахым Ошақбаев та пікірін қосты.

Жиын соңында қатысушы 102 адам 10 блокқа бөлініп «ІІМ жұмысын жақсарту үшін не істеуге болады?» деген сауалға жазбаша жауап берді. Барлығы 63 жазбаша ұсыныс түсті.

Біз осы үлкен тізімнен бірқатар шұғыл ұсынысты таңдап, 25 шілде күні сағат 10.00-де Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің отырысына ұсынамыз, — деді жоба ұйымдастырушыларының бірі, журналист Ирина Медникова.

Азаматтық қоғам мүшелерінің ішкі істер жүйесіне деген наразылығы 25 жастағы даңқты мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен кісі қолынан қаза тапқаннан кейін күшейіп отыр.

Еске салайық, күллі әлем назарын аударған қанды оқиға 19 шілде күні Алматыдағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында болды. Күдіктілер ұсталып, қылмысын мойындады. Тергеу жалғасып жатыр.