Басты бетЖаңалықтарАстанада Қазақстан...

Астанада Қазақстан халқы тілдері күніне арналған фестиваль өтті

Салтанатты шараны Астана тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев ашты. Ол барша қазақстандықты тіл мерекесімен құттықтап, басқарып отырған мекеменің жетістіктерімен бөлісті.

Астанада мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Қалада жыл сайын қазақ және ағылшын тілдерін тегін оқыту курстары ұйымдастырылып, мыңдаған адам тегін білім алады. Тиімді тіл саясатын жүргізу мақсатында қалада Smart til инновациялық байқауын, «Қазақша оқы, latynsha jaz» акциясы, «Тіліңді ұмытпа, жас түлек» іс-шарасы, «Сегіз қырлы, бір сырлы» тапқырлар сайысы тәрізді жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Астанада 1998 жылдан бері 853 көшенің атауы ауысты. Қазіргі уақытта елорда көшелерінің 90 пайызы қазақша атауларға ие. Көше атауын қазақшалау тұрғысынан Астана республика бойынша бірінші орында тұр. Тағы бір айта кететіні, жақында «Руханият» орталығы ашылады. Бұл мекеме тіл мәселесімен, төл құндылықтарымызды түгендеумен айналысады. Бүгінгі фестиваль — тілге құрмет көрсету бағытындағы шаралардың бастамасы ғана. Алдa мемлекеттік тілдің мерейін асыратын талай іс-шаралар күтіп тұр. Баршаңызды осы шараларға атсалысуға шақырамын! — деді Тілеуғали Қышқашбаев.

Бұдан бөлек, фестивальде қала әкімінің дәстүрге айналған «Тіл тұғыры» сыйлығы табысталды. Сыйлыққа:

  • Аяжан Ахметжанұлының республикалық Qazbilim орталығы;
  • Әділхан Абдуллин басқарып отырған Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық клиникалық Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталығы;
  • Құндызбек Әбдірәсілов басқарып отырған Астана статистика департаментінің ұжымы;
  • Мирас Мұсаханов басқарып отырған Qazaq Gourmet мейрамханасының ұжымы;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры генерал-майор Дархан Ділмановтың ұжымы;
  • Азамат Кеңесұлы басқарып отырған BaqOrda медиатобының ұжымы.
  • Зульфухар Найпов басшылық етіп отырған Астана қаласының көлік және коммуникация колледжінің ұжымы ие болды.

Айта кетейік, Астана тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы елордадағы тіл ахуалын зерделеу мақсатында жыл сайын әлеуметтік зерттеу жүргізеді.

2018 жылдың қорытындысы бойынша, мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 89 пайызды, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерінің үлесі 27 пайыз болды. Сауалнамаға қатысушылардың 95%-ы «өзара қатынас тілі» деп қазақ тілін таңдаған. Елбасы атап өткендей, қазақстандықтарды ұлтына, нәсіліне қарамастан біріктіретін ең негізгі факторымыз мемлекеттік тіл, осы үлкен идиологияны халықтың санасына сіңіру қажет. Бірлігі жарасқан мемлекеттің астында бір тілді, бір ұстанымды, бір мақсатты ортақ негізгі фактор ретінде алып көрсету керек. Бүгінгі іс-шара көп адамға ой салады деп ойлаймын, себебі бұл идеология жағынан, қоғамдық-саяси тұрғысынан өте маңызды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады» — дейді Астана әкімдігінің «Руханият» орталығының басшысы Ержан Еңсебай.

Еске сала кетейік, Үкімет қаулысымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев 2017 жылдың 31 қазанында «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 қаулыға қол қойып, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін — 5 қыркүйекті Қазақстан халқы тілдері күні деп бекітті.