Сафар Шәкеевтің денесі табылды

Жоғалып кеткен Сафар Шакеевтің мүрдесі Есентай жағалауынан табылды, деп мәлімдеді Алматы қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Мәйіттің Сафар Шәкеев екені өзімен бірге болған құжаттар мен жеке заттары арқылы дәлелденген. Оның өлімінің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

«Табылған мүрденің іш киімі және шалбары болған. Оның қалтасынан әмиәні және құжаттары табылды. Сол арқылы табылған мүрденің Алматыда 16 шілдеде жоғалып кеткен Сафар Шәкеевтің өлі денесі екендігі анықталды. Бұл аумақта сүңгуірлер бұған дейін талай рет іздеу жұмыстарын жүгізген болатын. Бірақ, жиі болған нөсер жауындар толыққанды іздеу шарларын жүргізуге кедергі келтірді. Қазір, болжам бойынша Сафар Шәкеевтің өлі денесі осы уақыт ішінде Есентай өзенінің баспалдақ тәрізді каскадтарының бірінің астында тіреліп, қалып қалған болуы мүмкін», – деді С. Әзірбек.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Есентай өзенінде белгісіз адамның мүрдесінің су бетіне қалқып шыққандығы туралы алғашқы хабар бүгін шамамен 11.00- де келіп түскен. Сол мезетте сүңгуірлер айтылған жерге келіп, іздеу шараларын жүргізеді.

Бірақ, өзенде су деңгейінің биіктігі және ағысының қаттылығы салдарынан мүрдені бірден табу мүмкін болмаған.

«Қазір Сафар Шәкеевтің қандай себептен көз жұмғанын анықтау мақсатында тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», – деді  Әзірбек.

Естеріңізге сала кетелік, 1991 жылы туған Сафар Шәкеевтің із-түссіз жоғалғаны жайлы арыз 16 шілде күні кешке 22:0-де Медеу аудандық Ішкі істер Басқармасына келіп түскен еді.

Содан бері белгілі композитор Еркеш Шәкеевтің ұлы Сафар Шәкеевті іздеу шарасына 170-тен астам адам қатысты.