Мәулен Әшімбаев Атырау облысында болды

Атырау облысына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында уәкілетті тұлға облыс әкімімен бірге бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты.

Алдымен «Атырау мұнай өңдеу зауытында» бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен кездесті. Жаңа технологиялық қондырғылар жұмысымен, мұнайды терең өңдеу кешенімен және зауыттың оқыту нысанымен танысты.

Зауытта жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясы жобалары шеңберінде 12 ірі шара өткізілген. Кәсіпорын қызметкерлері бұл шараларға белсене қатысатынын айтты.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Атырау облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының базасындағы «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар» атты партиялық жобаны іске асыру шеңберінде бағдарламалау негіздерін оқытатын ІТ-сынып оқушыларымен де кездесті. Кездесуде оқушылар Мәулен Әшімбаевқа өздері жасап шығарған роботтарын көрсетті.

Лицей-интернаттан кейін бірінші орынбасар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде құрылған I Space коворкинг орталығында болды. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев орталықтың заманауи инфрақұрылымын дамытып, студенттердің жаңа жобалар мен кәсіпкерлік идеяларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар іссапар барысында университеттің 450 орындық жаңа жатақханасы да таныстырылды.