Нұрлан Ноғаев: Бизнес субъектілеріне мемлекеттің қолдауы аймақтың экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді

Шортанбай ауылындағы балық зауыты балық қабылдау және өңдеу ісімен айналысады. Зауытта қақталған, кептірілген балық, балық өнімдері, жартылай фабрикаттар, шортан уылдырығы дайындалады. Мекемеде 180-ге жуық адам еңбек етеді, өнімдер ішкі нарықтан бөлек алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығарылады.

Аймақ басшысы мекемені қарау барысында бизнес субъектілері шығаратын өнімдерінің көлемін арттыру үшін мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алатындарын атап өтті.

-Бізде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған шаралар, жақсы мемлекеттік бағдарламалар қатары бар,-деді Нұрлан Ноғаев. -Мемлекет басшысы бизнесмендерге қолайлы жағдай жасау қажеттілігіне маңыз беріп отыр. Мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана отырып, кәсіпкерлер шығаратын өнімдерінің көлемін, сапасын, экспорттық әлеуетін ұлғайта алады.

Атырау облысының әкімі Исатай, Құрманғазы аудандарындағы заңсыз балық аулаушыларға қарсы қолданылатын шаралармен танысты. Құрманғазы ауданындағы су тасқынына қарсы қорғаныс бөгетінің құрылысын, қалпына келтіру жұмыстарын да назарға алды.

Нұрлан Ноғаев жұмыс сапары қортындысы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.