Атырауда «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесі өтті

Атырауда Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүйелі жүргізілуі барысында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының Бюро мәжілісі өтті. Жиында күн тәртібіндегі үш мәселе: Құрманғазы, Исатай аудандық филиалдарының 2016-17 жылдардағы атқарылған жұмыстары мен «Білім» бағыты бойынша атқарылған жұмыстары, «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша партиялық тәлімгердің 2017 жылы атқарылған жұмыстары қарастырылды. Мәжіліске 9 бюро мүшелерінің барлығы қатынасты. Жиында төрағалық еткен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын дамыту керектігін алға тартты.

«Елбасының тікелей бастамасымен бүгінде еліміз ауқымды экономикалық, саяси және рухани жаңғыруды табысты жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында ел дамуының он басым бағытын айқындап берді. Соның арқасында Қазақстанға төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне бастайтын жаңа мүмкіндіктерді жемісті жүзеге асыруға жол ашылды. Еліміздің бас партиясы осы айтулы жұмыстың алдыңғы легінде жүруі тиіс және тарихи міндеттердің жоғары деңгейіне сай болуы керек»,- дейді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, жиын соңында облыс әкімі «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы бастамасымен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында ІТ – орталығы мен «Білім — инновация» лицейін, Каспий заманауи колледжін аралап, оқу орындарындағы IT-сыныптар мен шет тілдерді дамыту мақсатында атқарылып жатырған жұмыстармен танысты.

Айта кетейік, Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына үлес қосу үшін балаларға арналған тегін IT-сыныптар ашу және IT-мамандар даярлау ісі қолға алынды. Еліміз бойынша 1000 сынып ашылып, онда жылына 8-16 жас аралығындағы 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында тереңдетілген білім алмақ. Ол мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, үш айлық және алты айлық курс ретінде жүргізіледі.