Талдықорғанда Қазақстан халқының тілдері күніне орай форум өтті

Шарада тілдер күні аясында өткен түрлі байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Алматы облысында тіл айлығы жарияланған болатын. Сол айлықтың аясында көптеген байқаулар мен тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында шаралар өткізілді. Сол шараларды біз бүгінгі мерекеде қорытындылап, нәтижесін шығарып отырмыз. Бүгінгі Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі күні құтты болсын! – деді Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев.

Облыстық "Тіл – бірліктің бесігі" форумы
Облыстық «Тіл – бірліктің бесігі» форумы. Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар жиында «Тіл – парасаты» байқауының жеңімпазы, ақиық ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін нақышына келтіріп оқитын Александра Михеева диалог құру, эссе жазу, өз өнерін көрсету сияқты төрт кезеңнен сүрінбей өтіп, халық назарына ілікті.

Қуанышымда шек жоқ. Мені осы уақытқа дейін қолдаған адамдарға алғысым шексіз. Өз басым жүлде аламын деп ойламадым. Себебі қарсыластарым өте мықты болды. Ешқандай мүмкіндік болмайды деп ойлап едім. Алайда жүрегімнің қазақ тілі деп соғатынын аңғару қиын болмады деп ойлаймын, — деді жүлдегер қыз.

Айта кету керек, өткен жылы 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдерінің күні болып белгіленді. Осыған байланысты Алматы облысында тіл айлығы барысында «Тіл – парасат», «Тіл шебері», «Славян жазулары», «Латын әліпбиінде эссе жазу» және көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы ұйымдастырылды.