Президент Қарағандыда инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарымен танысты

Мемлекет басшысы Maker жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қарағанды құю-машина жасау зауытына барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті роботтандырылған заманауи құрылғылармен және автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталған жаңа машина жасау зауытының өндірістік үдерісімен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаевқа облыстағы инвестициялық жобалардың іске асырылу жоспары баяндалды, сонымен бірге «Қазақмыс» корпорациясының жұмысы таныстырылды.

Елбасы кәсіпорын ұжымымен және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттерімен әңгімелесті. Мемлекет басшысы экономиканы дамытудың заманауи үрдісіне сай дуал білім берудің және кадрлар даярлаудың маңызын айтты.

Соңында Қазақстан Президенті жас мамандарға жұмыста зор табысқа жетуге тілектестік білдірді.

Қазақстан Президенті «Қарағанды фармацевтика кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де барды. Мемлекет басшысы озық құрылғылармен жабдықталған, өндірістік жобалық қуаты жылына 4 миллион биотехнологиялық дәрі-дәрмек бумасын шығаруға лайықталған кәсіпорынды аралап көрді.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдегі денсаулық сақтау саласын цифрландыру және мемлекет-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалардың іске асырылу барысы баяндалды.