ҚР Парламенті Сенатының депутаттары палатаның жалпы отырысында «2009 жылғы қарашадағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңын қабылдады.
Қолданыстағы келісімнің аясында Байқоңырда тұратын Қазақстан азаматтарына көрсетілетін медициналық көмек тек ресейлік медициналық ұйымдармен РФ заңнамасына сәйкес берілетін еді. Қазақстанда жүзеге асырылатын медициналық көмектің ерекшеліктері бойынша ел азаматтары заңнамамызға сәйкес тегін медициналық көмекті, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін алу, профилактикалық медициналық тексеруден өту заңды құқығымен қамтамасыз етілмеген болатын.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәлімдеуінше, енді Байқоңырдағы Қазақстан азаматтарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артады.
Қазір Байқоңыр тұрғындарында қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмекті алу мүмкіндігі жоқ. Бұл мүгедек адамдардың өмірінің және жалпы өмір сүру сапасының төмендеуі қаупін ұлғайтады. Қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы Байқоңырда, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын ҚР азаматтарына ұлттық заңнамаға сәйкес, Қазақстан денсаулық сақтау мекемелерімен медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, — деді министр.
Сонымен қатар, министр 2016 жылдың 12 тамызында Байқоңырда Қызылорда облыстық медициналық орталығының филиалы пайдалануға берілгенін еске салды. Сонымен қатар 2018 жылғы қаңтардан бастап қалада 30 мың адамға қызмет көрсететін емхана ашылды. Қазіргі уақытта бұл емханаға 19 мыңнан астам тұрғын тіркелген. 2019 жылы емханада хирургия және жансақтау бөлімшесін ашу жоспарланып отыр.
Алайда Байқоңыр аумағындағы қазақстандық медициналық ұйымдардың қызмет көрсету құқығын бекіту тек заңнамаға өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енгеннен кейін мүмкін болады. Заң жобасы теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға алып келмейді, — деді Елжан Біртанов.