Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесі ұйымдарын қысқартуды ұсынды

Ыстықкөлдің жағасында Түркі елдері ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті басталды. «Жастар саясаты және ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастық» тақырыбындағы биылғы саммитке осы кеңеске мүше Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мен Әзірбайжан президенттері қатысып жатыр. Сонымен бірге жиынға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев пен Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан да келді. Отырыс Шыңғыс Айтматов атындағы музейде өтіп жатыр. Саммитті ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесінің көптен күткен саммитінде сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Ең алдымен қырғыз елінің жауһары — Ыстықкөлдің жағасында қонақжай көңілмен қарсы алған қырғыз елі мен оның президенті Сооронбай Жээнбековке айрықша алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар арамызда отырған Өзбекстан президенті Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке қош келдіңіз дейміз. Бүгінгі жиынға арғы бабалары түркі тектес Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан мырзаның қатысып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Қадірлі қонақтардың бүгінгі басқосуға келуі Түркі кеңесінің аясы кеңейіп, маңызы артқанын көрсетеді. Саммитте қол жеткізген уағдаластық пен шешімдердің арқасында өзара ынтымақтастығымыз бен бауырластық байланыстарымыз одан әрі артады деген сенімдемін

, — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Саммит барысында бірқатар құжатқа қол қойылады. Сонымен бірге кеңес мүшелері Шолпан Ата декларациясын қабылдайды. Ал ұйымның Бас xатшысы қызметіне Қазақстанның өкілі сайланады.

Саммитте Қазақстан басшысы Түркі кеңесінің төрағалығын ресми түрде Қырғызстанға тапсырды. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков кеңеске төрағалық еткен Қазақстанға алғысын білдірді.

Айта кетейік, Түркі елдерінің ынтымақтастық кеңесі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Кеңестің алғашқы саммиті 2011 жылы Алматыда өтті. Ұйымның негізгі мақсаты — түркі елдері арасындағы мәдени-руxани байланыстарды дамыту. Бүгінде кеңестің құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мен Әзірбайжан кіреді. Ұйымның жанында сыртқы істер министрлерінің кеңесі және ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Олар Түркі кеңесінің жұмысын ұйымдастырып, реттеп отырады. Кеңеске қарасты төрт негізгі ұйым бар. Олар — Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту (TÚRKSOY) халықаралық ұйымы, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (TÚRKPA), Түркі академиясы xалықаралық ұйымы (TWESCO) және «Мирас» Түркі мəдениеті қоры. Бұдан бөлек, Түркі кеңесінің аясында Іскерлік кеңес жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты — шағын және орта бизнес салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, жалпы инвестициялық климатты жақсарту.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесін заман талабына сай бейімдеп, ұйым қызметін жетілдіруді ұсынды.

Бүгінгі таңда хатшылықтың мандаты техникалық және хаттамалық сұрақтармен шектелген. Оған қоса түркі ынтымақтастық институттарының қызметінде қосарланушылық жиі кездеседі. Осыған орай ұйымның тиімділігін, функционалдық икемділігін және институттардың әлеуетін күшейту мақсатында Түркі академиясын, «Мирас» Түркі мәдениеті қорын, сонымен бірге ақсақалдар кеңесін ТҮРКСОЙ-мен біріктіру керек. Барлығы ТҮРКСОЙ-дың аясында жұмыс істесін. Бізге көп шенеуніктің қажеті жоқ

, — деді Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесінің VI саммитінде. Президент Түркі кеңесіне кіретін тағы бір ұйым — Түркі елдерінің Парламентаралық Ассамблеясын (ТүркПА) қысқартуды ұсынды. Себебі аталған институт өз міндетін атқарды.

Қазіргі кезде оның қызметінде жүйелілік байқалмайды. Сондықтан ұйымның жұмысын сараптау қажет. Тиімді болса, онда оның функцияларын хатшылыққа беруге болады. Егер тиімсіз болса, онда оны толығымен қысқартуды ұсынамын. Бұл шаралар кеңестің жұмысын тиімді оңтайландыруға, қызметкерлер санын қысқартуға, сонымен бірге қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді

, — деді Қазақстан Президенті.

ДереккөзInform.kz