Қазақстанда бау-бақша өнімдері арзандады

Қазақстанда күзге қарай көкөніс бағасы төмендеді. Әсіресе, қияр жаздың соңғы айында 13%-ға, қызанақ 17%-ға арзандаған. Бұл туралы Еnergyprom.kz сарапшылары хабарлады.

Қияр-қызанақпен бірге тамызда картоп бағасы шілдедегі жағдаймен салыстырғанда 8%-ға, сарымсақ 7,5%-ға, пияз бен орамжапырақ 1,8%-ға төмендеген.

Қызылша бағасы ғана 2,4%-ға жоғарылаған. Жемістерден алма 1,5%-ға арзандапты. Ал цитрус өнімдерінің бағасы төмендеген жоқ, керісінше, лимон 1,7%-ға, апельсин 3,7%-ға қымбаттаған.

Ет өнімдері бұрынғысынша қымбаттап отыр. Жылқы етінің бағасы бір айда 1,7%-ға, тауық етінің бағасы 2,8%-ға жоғарылаған. Мұздатылған балық 1%-ға қымбаттады.

Ұн өнімдері бойынша баға өзгермеген. Тары 1,1%-ға, күріш 2,6%-ға қымбаттады. Ашытқы бағасы 1,4%-ға, майонез бағасы 1,5%-ға жоғарылады.

Сарапшылардың мәліметінше, тамызда сусын түрлерінің бағасы да өзгерген жоқ.