«Қазақ пен қырғыздан жақын халық жоқ» — Нұрсұлтан Назарбаев

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековті Қырғыз Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, бауырлас халыққа тыныштық пен тұрақтылық және бақ-береке тіледі.

Қазақ пен қырғыздан жақын халық жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мен әрдайым Қырғызстанды қолдап келемін

, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков. ©Аkorda.kz

Мемлекет басшысы екі ел арасында жол картасы қабылданып, үкіметаралық комиссия тиімді жұмыс істеп жатқанын айтты.

Сіз Президент болып сайланғаннан бері біз жиі кездесіп, көптеген мәселені талқыладық. Екіжақты қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілуде. Сауда-саттық көлемі артып келеді. Бүгінде елдеріміз арасындағы барлық проблемалар, соның ішінде шекаралық мәселелер толық шешімін тапты

, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сооронбай Жээнбеков шақыруын қабыл алып, Шолпан Атаға келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы қатынастардың достық сипатын атап өтті.

Мемлекет басшылары кездесу соңында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.