Басты бетБілімАлты жоғары...

Алты жоғары оқу орнынан 17 лицензия қосымшасы қайтарып алынды

2018 жылдың бірінші жартыжылдығында Білім және ғылым министрлігі 21 жоғары оқу орнында ішінара тексеру жүргізіліп, нәтижесінде білім саласындағы заңнама талаптарының бұзылғанын анықталды. Көбіне жалпыға міндетті білім беру стандарты, оқу процесін ұйымдастыру тәртібі, лицензиялық талапқа сәйкестік ережелері бұзылған.

Білім саласындағы заңнама талаптарының бұзылуын болдырмау, анықтау және алдын алу мақсатында министрлік жоғары оқу орындарына кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар беріп, бірқатарын әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстандағы 6 жоғары оқу орнынан магистратура мамандықтары бойынша 17 лицензия қосымшасы қайтарып алынды.

Оқу жылын аяқтау қажеттілігі және білім алушылардың заңды мүддесіне кері әсерін тигізетін шиеленісті жағдайды болдырмау үшін министрлік құқық бұзған университеттерге қатаң санкцияларды қолданбай, ескерту сипатындағы шаралармен шектелді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2018 жылғы 30 мамырда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасын («Білім сапасын көтеру, жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған шараларды жүзеге асыру») орындау мақсатында осы жылы министрлік жоғары оқу орындарының қызметіне қойылатын талаптарды нақтылап жатыра. Атап айтқанда, біліктілік талаптарына, мемлекеттік білім беру стандартына және жоғары оқу орны қызметінің үлгілік қағидаларына толықтырулар енгізіледі.

Алдағы уақытта білім беру қызметінің сапасын бағалаудың негізгі өлшем шарттарының бірі ретінде жоғары оқу орнын бітірген түлектерге еңбек нарығындағы сұраныс деңгейі есептеледі. Кәсіби қауымдастықтар, соның ішінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізетін рейтинг бойынша білім беру бағдарламасының сапасына қатысты төмен көрсеткіштер анықталған жағдайда жоғары оқу орнына шектеу сипатындағы шаралар қолданылады. Соның ішінде мамандық даярлау бағыты бойынша лицензияға қосымша қайтарып алынуы мүмкін.