Александра Опачанова академиялық есуден Азиаданың қола жүлдесін иеленді

Әйелдер арасында өткен жекелей сында қазақстандық спортшы Қытай және Тайпей спортшыларын алға жіберіп, мәреге үшінші болып келді.

«Шынымды айтсам, үшінші болып келгеніме сенген жоқпын. Сәл жетпей қалдым ба деп ойладым. Өйткені менің мәреге жеткенімді айғақтайтын дыбыс белгісі естілген жоқ. Бұл жүлдеге жету үшін менің неден өткенімді білсеңіздер ғой?! Қуанышымда шек жоқ! Құттықтауларыңызға рахмет! Жанкүйердің қолдауы ерекше сезілді», — дейді Александра Опачанова.

Бұл — академиялық есуден биылғы Азия ойындарында жеңіп алған алғашқы жүлдеміз.

Сонымен қатар бүгінгі жарыста суға жүзуден үш қазақстандық спортшы финалға жолдама алды. Олар: баттерфляй әдісімен 50 метрге жүзуден Әділбек Мусин, 50 метрге брасс әдісімен жүзуде Аделаида Пчелинцева және 100 метрге еркін әдіспен жүзген Әділ Қасқабай.

Айта кетейік, Азия ойындарында Қазақстан құрамасы әзірше 10-орында тұр. Қазақстан қоржынында қазір 22 медаль бар: бір алтын, алты күміс және 15 қола.

Азия ойындары 2 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарыстарға барлығы 440 спортшымыз қатысып жатыр.

ДереккөзOlympic.kz