Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Мемлекет басшысы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Ливан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Жискар Әл-Хури, Украинаның төтенше және өкілетті елшісі Иван Кулеба, Бразилия Федеративтік Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Марсия Доннер Абреу, Германия Федеративтік Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер, Пәкістан Ислам Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Имтиаз Ахмад Кази сенім грамоталарын тапсырды.

Қазақстан Президенті рәсімге қатысушыларды дипломатиялық қызметтерінің ресми түрде басталуымен құттықтап, бұл әр дипломаттың өміріндегі жауапты да қуанышты сәт екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Астананың 20 жылдық мерейтойы тойланғанына тоқталып, қысқа уақыт ішінде Қазақстан елордасы көпұлтты халқымызды біріктіргенін және тың идеялар мен инновацияларға жол ашқанын айтты.

«Астана бейбітшілік пен келісімнің жаңа платформасы ретінде танылды. Мұнда Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, EXPO көрмесі аясында маңызды құжаттар қабылданды», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезін өткізу мәселелеріне ерекше тоқталып, елдердің делегацияларын осы шараға белсенді атсалысуға шақырды.

«Жуырда біз үздік тәжірибелерге негізделген жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығын аштық. Елдеріңізді осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақырамын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның көршілес елдермен экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатымен заманауи инфрақұрылымды белсенді дамыта түскенін, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің 2,7 мың шақырымға созылатын қазақстандық бөлігінің құрылысы толық аяқталғанын атап өтті.

«Осы айда Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий саммитінде Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. Онда қауіпсіздік және экология мәселелерімен қатар, Каспий маңы елдерінің инфрақұрылымын одан әрі дамыту, көлік желісінің әлеуетін арттыру қарастырылған. Құрық портының іске қосылуы Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдауды қамтамасыз етті. Соның арқасында, 2020 жылға қарай бюджетке жылына 5 миллиард доллардан астам қосымша кіріс түседі, ал Қазақстан өнімдері әлемнің 120-дан астам елінің нарығына жеткізіледі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы ынтымақтастық пен прагматизм қағидаттарына негізделгенін атап өтіп, Астана екі жақты және көп жақты байланыстарды одан әрі дамытуға баса көңіл бөлетінін айтты.

Қазақстан Президенті Германиямен бүгінгі екі жақты қарым-қатынасымыз стратегиялық деңгейге көтерілгенін атап өтіп, Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің Астанаға алғашқы ресми сапары және EXPO-2017 көрмесіне қатысуы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін бергеніне тоқталды.

«Біз германиялық әріптестерімізбен бірлесіп, Қазақстанға төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу, озық технологиялар мен инвестиция тарту жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. Қазақстандағы неміс диаспорасы елдеріміз арасындағы «алтын көпір» деп білеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өткен жылдар ішінде Қазақстан мен Украина едәуір жетістіктерге қол жеткізгенін айтып, екі елді достық пен ынтымақтастыққа негізделген тарихи байланыстар біріктіретінін атап өтті.

«Былтыр елдеріміздің өзара сауда айналымы 19%-ға өсті. Қазақстанда Украинаның қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындардың саны да артып келеді. Біз экономикалық ынтымақтастығымыз, әсіресе өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы байланыстарымызды одан әрі өркендете түсуіміз қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі перспективалы серіктесі саналатынын атап өтіп, Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық мүшесі ретінде оның жұмысына тың серпін беретініне сенім білдірді.

«Сауда-экономика саласындағы байланысты нығайту мақсатымен бірлескен Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің жұмысын жандандырып, тиісті «Жол картасын» қабылдау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті биыл Бразилиямен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл болғанын айтып, бұл елдің Латын Америкасындағы рөлі зор екенін атап өтті.

«Мен 2016 жылғы қыркүйекте «Үлкен жиырмалық» форумы аясында Бразилия Президенті Мишел Темермен кездестім. Онда біз екі жақты қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтеру жолдарын талқыладық. Осыған орай, технология, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды іске асыруды жандандыру қажет. Орнатылған визасыз режім елдеріміздің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын ілгерілетуге септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ширек ғасыр ішінде Ливанмен достық байланыстарымыз өзара түсіністік пен әріптестік рухында қалыптасқанын айтты.

«Бүгінде Қазақстанда Ливанның бірқатар компаниялары табысты жұмыс істеуде. Бірлескен Үкіметаралық комиссия құру, іскер топтар өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастыру екі жақты байланысқа тың серпін беретініне сенімдімін. Біз Бейруттің Таяу Шығыс аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басталуымен тағы да құттықтап, олардың қызметтері елдеріміз арасындағы достық пен сенімді одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.