Нұрсұлтан Назарбаев мұқтаж жандарға көмек көрсетуге шақырды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Әзірет сұлтан» мешітіне барып, жиналғандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Ақорданың хабарлауынша, жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде ол бұл мейрамның бейбітшілік пен адал ниетке негізделген символдық мәнін, исламның мызғымас рухани құндылықтарын айқындайтынын және мейірімділік пен ізгіліктің, жақсылықтың жаршысы болып саналатынын атап өтті.

Қазақстан Президенті Құрбан айттың мән-маңызы тек намаз оқумен және құрбандық шалумен шектелмейтінін айтты және жұртты бұл мерекеде қайырымдылық танытып, жағдайы жоқ отбасыларға, жетімдерге, қарттар мен барлық мұқтаж жандарға көмек көрсетуге шақырды.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда діндердің ғибадат жасауы үшін және олардың конфессиясына қарамастан діни ғұрыптарының орындалуына барлық жағдай жасалып отырғанын да айтты.

«Жуырда Астанада жаһандық және конфессияаралық диалог пен қарым-қатынастардың одан әрі дамуына серпін беретін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Құрбан айт мейрамының терең мәні қонақжайлықты, достық пен бірлікті қастерлейтін халқымыздың рухани құндылықтарымен және мәдениетімен үндесетінін атап өтті.

«Баршаңызға зор денсаулық, әрбір отбасына бақ-береке тілеймін. Еліміз өркендеп, әрдайым достық, тыныштық пен тұрақтылық болғай!» – деді Мемлекет басшысы.