Украина ЭКСПО-ға 30 метрлік сүлгі әкелді (Фото)

Бүгін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Украинаның ұлттық күні аталып өтеді. Арнайы көрме үшін Украина шеберлері қолмен тоқылған 30 метрлік сүлгі алып келді. Онда Украинаның әрбір өңіріне тән алуан түрлі өрнектер бейнеленген. ЭКСПО көрмесінен кейін бұл туынды Қазақстандағы Украина елшілігіне сыйланады.

Украина, Сүлгі, ЭКСПО

«Украиналық мамандардың ғаламшардың экожүйесін сақтауға және Жасыл энергетиканың дамуына үлес қосуға дайын екені қуантады. Біз Астананың күн, жел, биогаз, теңіз және жылы сулардың энергиясын қолдану саласындағы үздік әлемдік жаңалықтар мен трендтерді таныстыратын тиімді алаңға айналарына сенімдіміз. Қазақстан үшін Украина маңызды экономикалық серіктес болып саналады. Біз екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің жоғары деңгейін биік бағалаймыз», — деді ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев өзінің құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ Украина ұлттық секциясының коммисары Геннадий Зубко екі ел арасында жүргізіліп жатқан реформалардың ұқсас екенін атап өтті.

«Украина Қазақстанмен қатар экономикалық және сот салаларында және инвестициялар тартуға септігін тигізетін реформалар жүргізіп жатыр. Бүгінде Украина нарығын 40 миллиард долларға бағалап отырмыз, оған инвестиция салып, табыс табуға және ең бастысы — әрбір елдің өз энергиясын сақтап қалуға болады», — деді ол.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Украина экспозициясы Жібек Жолы павильонында орналасқан. Онда Украинаның инновациялық жел және күн генераторлары, энергия үнемдейтін үй,  электр өндіретін пердешелер және өзге де жаңалықтары қойылған.

 

ДереккөзInform.kz