Не болды?
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апаты бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Прокурор Александр Пакты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Прокурордың айтуынша, айыпталушы жазасын қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтеуге тиіс. Александр Пакқа мас күйде көлік айдап, адам өліміне себеп болғаны үшін айып тағылған.
Сот отырысында қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстембек Шәтенов өтемақы ретінде айыпталушыдан 100 миллион теңге сұрады.
Жалғыз қызымнан айырылдым. Оның өлімінен кейін өмірім түбегейлі өзгерді. Ешқандай ақша қызымды қайтара алмайды. Алайда моральды шығынды ескере отырып, 100 миллион теңге өтемақы төленуін әділ деп санаймын, – дейді марқұмның әкесі.
Жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болды. Салдарынан 1996 жылы туған Еламан Қайыржанұлы, 2003 жылы туған Құмар Теңелбаева және 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек көз жұмды.
Контекст
Естеріңізге салайық, Алматы соты Әл-Фараби даңғылында болған жол апатында қаза тапқан қыздың әкесін жәбірленуші ретінде таныды.
