Денис Теннің қазасынан соң Алматы ішкі істер департаментінің 13 қызметкері жазаланды.
ҚР ІІМ мәліметінше, саланың шұғыл қызметті тексеру мен шұғыл алдын алу шаралары кешенін жүргізу үшін 19 шілдеде ІІМ Орталық аппаратының, соның ішінде өзіндік қауіпсіздік қызметінің ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймұрзин бастаған қызметкерлер тобы Алматыға келді.
Сонымен бірге Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов Алматыда мәнерлеп сырғанаушының өліміне қатысты істің жан-жақты, толық әрі объектив зерттелуін қадағалады.
«Тексеру мен практикалық көмек көрсету барысында ІІД-нен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда және аула ішіндегі аумақтарда қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу және учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша кемшіліктер мен заңсыздықтар анықталды. Қызметтік тексеру нәтижесі бойынша ІІД-нің 13 қызметкері, соның ішінде үш жетекші қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — делінген ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменовтің Алматы қоғамдық кеңесінің үндеуіне қайтарған жауабында.
Қаланың жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасұлан Байкенов пен Алмалы аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Серік Құмабеков те осы себептен жұмыстан қуылған.
Бұған қоса, Алматы ІІД-де 27 шілдеде Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыповтың төрағалығымен шұғыл кеңес өткен, онда тексерулер мен тергеуді ұйымдастыру нәтижелері қаралып, департамент қызметтерінің алдына ашылмаған мүлік ұрлығы қылмыстарын сапалы әрі толық тексеру, ұрланған заттар сатылатын орындарда іздеу шараларын жүргізу және бұрын сотталған адам ретінде есепте тұрған адамдарды тексеру жөнінде нақты мақсат-міндеттер қойылды
Осы санаттағы қылмыстарды ашу мен сапалы тергеу мақсатында ІІД-де және аудандық ішкі істер басқармаларында неғұрлым дайындалған тергеушілер мен шұғыл жұмысшылардан мамандандырылған тергеу-шұғыл әрекет ету топтары құрылды.
Қазақстан спортының жарық жұлдызы, даңқты мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде көлік ұрылары қолынан қаза тапты. Спортшының өлімі Қазақстандағы құқық қорғау органдары жұмысына жаппай наразылық туғызды.
Денис Тен ісі бойынша күдіктілер Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева қазір қамауда. Құдайбергенов пен Қиясов марқұмның көлігін тонағанын және спортшыны өлтіргенін мойындады. Екеуі де бұрын сотталған. Тергеу жалғасып жатыр. Жанар Толыбаеваның үстінен қылмысты хабарламағаны үшін іс қозғалып отыр.