Басты бетЖаңалықтарГрантқа іліге...

Грантқа іліге алмаған түлектер қай салада жұмысқа орналаса алады

Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарындағы бағалардың шарықтап тұрғаны ешкімге де құпия емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та таяуда елімізде білім алудың қымбаттағанын айтқан болатын. Сондықтан ақылы оқуды қалтасы көтере бермейтіндер оқуды келесі жылға қалдырып жатады.

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) жетекші маманы Айман Жүсіпова шынында да елімізде ақылы оқуға барлығы түсе алмайтынын айтады. Дегенмен оның айтуынша, жастарға ЖОО-ға түсе алмау үлкен трагедия болмауы тиіс.

«Әрине, мұнда бірінші кезекте психологиялық қысымның рөлі жеткілікті. Бірақ сонда да бұл жағдайға басқа жағынан қарау керек. Бір жыл уақыт адамның өзі нені қалайтынын түсінуге жетеді», — дейді маман.

Фото: pixabay.com

Осы ретте Жүсіпова Еуропада білім беру жүйесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, Еуропада студенттер мектеп бітірген соң бірден университетке түспейді.

«Олар «өздерін табу үшін» және немен айналысқысы келетінін түсіну үшін біраз уақыт жүреді. Әрине, біздегі шынайы өмірге келсек, жастар ЖОО-ға түсіп, кейіннен бірден көбірек табыс тауып, ата-аналарына көмектесуді жөн көреді. Дегенмен де бұл жағдайда адамға өзіне ұнайтын және жанына жақын жұмыс табуы өте маңызды екенін ескеру керек», — дейді Айман Жүсіпова.

Cонымен қатар, маман Қазақстанда жастарды жұмысқа қамту мәселесінің әлі де шешілмей тұрғанын жоққа шығармады.

«Бізде жұмыс берушілер еңбек өтілі жоқ ЖОО түлегін жұмысқа алғысы келмейтіні рас. Яғни, бұл дегеніміз диплом алған соң да қажетті және қалаған жұмысыңа тұра аласың деген сөз емес», — деген ол бүгінде дипломы жоқ жастарға сауда-саттық саласында жұмыс орындары жетерлік екенін еске салды.

«Мысалы, сауда өкілі, сауда жөніндегі менеджер, call-орталықтың операторы, кеңсе менеджері мен сауда кеңесшісі сияқты кәсіптер бар. Бірақ ескеретіні мұнда ұятты ештеңе жоқ. Мысалы, АҚШ-та жастар ауқатты отбасынан шықса да, осындай жұмыстарды істей береді. Осылайша, олар тәжірибе жинайды», — дейді Айман Жүсіпова.

Сондай-ақ, ол жастардың арнайы білімсіз-ақ мансап құра алатынын айтып өтті.

«Қазіргі таңда кеңес кезіндегідей белгілі бір жұмысқа тұру үшін диплом болуы міндетті емес. Ол кезеңдерде жұмыс беруші тек мемлекет болатын. Ал қазір жұмыс берушілер дипломға аса назар аудармайды. Себебі диплом алған адам әрдайым жақсы маман болады деген кепіл жоқ», — деді ӘЭСИ маманы.

Білімді дамыту мен зерттеу ассоциациясының президенті Бота Жұманова да биыл оқу орнына түсе алмаған қазақстандықтарға уайымдаудың қажеті жоқ екенін айтып отыр.

«Грантқа түсе алмаған жағдайда бір жыл уақытты тиімді өткізуге болады, яғни, жұмыс істеуге болады. Бүгінде елімізде 16 жастан асқан жасөспірімдердің жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Мысалы, жастарға дәмханалар мен мейрамханаларда жұмыс өте көп. Оларға әрдайым даяшылар керек. Бірақ, амал не, бізде даяшы кәсібін көбі уақытша және ақшасы аз жұмыс деп түсінеді. Расында олай емес. Алматыда даяшылар айына шамамен 300 мың теңге ақша табады. Меніңше, 300 мың теңге бөлімшелердегі банк қызметкерлері немесе call-орталықтарда жұмыс істейтіндердің жалақысына қарағанда көбірек», — дейді Жұманова.

Оның айтуынша, бүгінде жоғары білімі жайлы диплом жақсы жалақы алуға кепіл болмайды. Сарапшы қазіргі уақытта заманның өзгергенін айтады.

«Екінші тағы бір мүмкіндік — сауда-саттық. Көптеген компания сауда агенттіктерін іздейді. Иә, бастапқыда қиындықтар тууы мүмкін, дегенмен ол үлкен тәжірибе болады. Бүкіл әлем бойынша адамдар қызметтерін ұсынады. Осы ретте сауда-саттықпен айналысқанда адамдардың психологиясын зерттеп, танып, олармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін үйренуге болады», — дейді сарапшы.

Ал үшінші мүмкіндік ретінде сарапшы қызмет көрсету түрлерімен айналысуға болатынын айтады.

«Мысалы, қыздар енді өсіп келе жатқан балаларға қарайтын бала күтуші болып уақытша жұмыс істей алады. Орташа есеппен бізде бала күтушілер айына кем дегенде 80 мың теңге табады. Меніңше, бұл бір жыл уақытты тиімді өткізудің бірден-бір жолы», — дейді Бота Жұманова.

«Кез келген жұмыс, тіпті уақытша болсын, жаңа білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы жаңа дүниелерді танып біліп, әрі қарай өзіңді өзің дамыту. Адамның қандай да бір біліктілігі шыңдалған жағдайда жалақы да өседі», — деп кеңес берді Білімді дамыту мен зерттеу ассоциациясының президенті.

ДереккөзTengrinews.kz