Сенат «Жұмыспен қамту туралы» ҚР Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын жүзеге асыру мақсатында дайындалып, экономиканың тиімділігін арттыру мен құрылымын ұзақ мерзімді өзгерту мүмкіндігін қамтамасыз ететін сапалы еңбек нарығын құруға бағытталған. Оны әзірлеу барысында Халықаралық еңбек ұйымының негізгі қағидалары есепке алынып, сонымен қатар, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің тәжірибелері зерделенді.

Заң жобасы келесі мәселелерді қарастырады:
Еңбек нарығының көрсеткіштерін өлшеудің халықаралық стандарттарына көшу:
— біздің статистикалық деректерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге;
— әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың санын нақтылауға, қажет болған кезде оларға өз қызметін заңдастыру үшін жәрдем көрсетуге;
— өзі тұтыну үшін өнім өндірумен айналысатын адамдардың санын нақтылауға және мәлімдеген мәртебеге қарай оларға атаулы мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Жауапкершілігін күшейте отырып, жұмыссыз статусын беру рәсімін өзгерту. Жұмысқа орналасу мақсатымен жұмыспен қамту орталығына хабарласқан жеке тұлғаға ең алдымен жұмыс іздеуші тұлға статусы беріледі. Жұмыс іздеп келген адамға 10 күнде нарықтағы бос орындар ішінен тиісті жұмыс орнын іздеуге көмек көрсетіледі. Егер осы уақыт аралығында көзделген жұмыс табылмаса, бұл адамға жұмыссыз статусы беріліп, жұмыс іздеуші жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға жіберіледі, сонымен қатар, әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемақы тағайындалады.

Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз тұлға үшін ЭЫДҰ-ға құрамдас мемлекеттер мен көптеген Еуропа елдерінде қолданылып жүрген жұмысқа орналастырудың жеке картасын әзірлейтін болады.

Жаңа Еңбек Кодексіне сәйкес, экономикалық негіздеме бойынша жұмыстан босатуға, қызметкерлердің санын немесе штатты қысқартуға, жұмыскерлерді жаппай қысқарту, яғни, кәсіпорын жұмысын тоқтатқан немесе банкротқа ұшыраған жағдайда, 4 айдан 6 айға дейін жұмысын жоғалтқанда әлеуметтік төлемдер уақытын ұзарту.

Осы шараларға қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар аударылған адамдар үшін, сол сияқты аударымдары жоқ адамдар үшін: тегін консультация және кәсіби бағдар беру; сондай-ақ: білім беру қызметтеріне, стипендия төлеу, тұру және жолақы шығыстарын өтеуді қамтитын материалдық көмек шығындарын толық өтей отырып, оқуға жіберуге; бюджет қаражаты есебінен еңбекақысын толық субсидиялай отырып 6 айға дейін жастар практикасына бағыттауға; жалақысын жұмыс беруші белгілеген еңбекақы мөлшерінің 35 пайызына дейін (бірақ ең төменгі жалақыдан төмен емес мөлшерде) 1 жылға субсидиялай отырып әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу; егер адамның немесе отбасындағы әрбір мүшеге отбасының табысы белгіленген кедейлік шегінен аспаса, атаулы әлеуметтік көмек көрсету; мемлекет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар аудару көзделуде.

Ұсынылған әлеуметтік қолдау түрлерін алу үшін жұмыссыз бен жумыспен қамту орталығы арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады, онда мемлекет әлеуметтік қолдау ұсыну және Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағдарламаларына қатысуға жіберу міндетін өзіне алады, ал жұмыссыз кәсіп иелену, жастар практикасына қатысу, әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істеу міндетін алады.

Атаулы әлеуметтік көмек белсенді жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана төленетін болады.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларының әрбір түрі үшін азаматтардың басым санаттарын анықтау. Сонымен бірге, заң жобасы жазғы демалыс уақытында студенттер мен жоғарғы сынып оқушыларына, кәсіпорынның банкротқа ұшырауына байланысты бос тұруы кезінде немесе жұмысының тоқтатылғанында, қызметкерлердің санын немесе штаты қысқарғанда, экономикалық негіздемелерге байланысты жұмыстан босатылғанда жалдамалы жұмысшыларға белсенді шаралардың жекелеген түрлерін қарастырады.

Еңбек нарығындағы өңірлік сәйкессіздіктерді жою шаралары. Әлеуметтік-экономикалық әлеуеті төмен елді-мекендердегі азаматтарды жұмыс берушінің талаптарына сай әлеуеті жоғары елді-мекендерге, сонымен қатар, «Көші-қон туралы» ҚР Заңына сәйкес, аймақтық қоныс аударушыларға берілетін квоталар аясында ҚР Үкіметі белгілеген аймақтарға тұлғаларды жұмыспен қамту мақсатында ерікті қоныс аудару ісін жандандыруға негізделген жаңа шара қарастырылған.

Жұмыспен қамту орталықтары қызметтерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ұсынатын қызметтерімен қайталанбауы үшін азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына, сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға бағыттау бойынша барлық өкілеттілігі жұмыспен қамту орталықтарына беріледі. Олардың көрсететін қызметтері Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағыдай «бір терезе» қағидасы бойынша құрылып, жұмыс берушілермен, жеке жұмыспен қамту агенттіктерімен белсенді жұмыс істеуге бағытталатын болады.

Заң жобасының аясында халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша құқықтық-нормативтік актілерді жасаудағы кәсіподақ және жұмыспен қамту мемлекеттік саясатын жүзеге асыру ісіне жұмыс берушілердің қатысуы реттелген.
Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға және мемлекеттік бюджеттің қаржылай шығынына әкелмейді.