Демалыс: 11-12 тамыз күндері қайда баруға болады?

Демалыс күндері Алматыда Jah Khalib пен Карина Абдуллинаның концерті, спорттық шаралар мен көрмелер болады.

Roll Party

суши
©Yvision.kz

Суши — сәнді әрі дәмді тағамдардың қатарында. «Роллға деген махаббат» — осындай ұранмен 11 тамыз күні Moskva ойын-сауық сауда орталығында суши дайындаудан шеберлік сағаты өтеді. Алдын ала жазылып қойсаңыз, шараға қатысу тегін. Сенбі күні аспаздармен бірге ролл дайындап, дәмін татуға болады. Сондай-ақ шараны жанды диджей әнмен әрлеп, кеш жүргізушісі түрлі шоу бағдарламалар ұсынады. Шара барысында ұтыс ойыны мен байқауға қатысып, түрлі сыйлық жеңіп алуға мүмкіндік бар.

Веложарыс

Веложүгіру
©24.kz

«Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында апта сайын өтетін дәстүрлі веложарыс жексенбі күні сағат 09.00-да басталады. Қатысу үшін жарты сағат ерте келіп, тіркелу міндетті. «Нұрлы тау» бизнес-центрінен басталатын веложарыс Қазақ мемлекеттік циркі ғимаратының алдында аяқталады. Қатысушылар 13 шақырым жолды бағындыруы керек. Жеңімпаздарды бағалы сыйлықтар мен басты жүлде — су жаңа велосипед күтіп тұр.

Карина Абдуллинаның концерті

Карина Абдуллина
©Youtube.com

Esentai Square жазғы фестивалінің осы сенбідегі қонағы — Карина Абдуллина. Тегін концерт әдеттегідей 4 шілде күні 19.00-де басталады. Сахнада «Мюзикола» дуэтінің танымал «Арман жолдар» әні және Каринаның жаңа әндері шырқалады. Концертте Bacardi тобы отандық және шетелдік танымал әндерді орындайды.

Еске сала кетейік, әр сенбі сайын ұйымдастырылатын музыка кештері 26 тамызға дейін жалғасады.

Көше фитнесі

Фото: InAlmaty.kz

Апта сайын ұйымдастырылатын Almaty Street Fitness тегін жаттығулары сенбі күні сағат 8-де басталады. Өтетін орны — Тұңғыш Президент саябағы мен Орталық саябақ. Тегін жаттығу дәрістеріне кез келген адам қатыса алады. Ол үшін спорттық киім киіп бару жеткілікті.

Jah Khalib-тің концерті

Jah Khalib
©Википедия

Хит әндердің орындаушысы Jah Khalib Алматыда жыл сайын концерт өткізеді. Дәстүрлі концерт биыл 11 тамыз күні болады. Ескерте кетейік, Орталық саябақтағы «Шабыт» амфитеатрында өтетін концертке билет сатып алу міндетті.

Қолөнер бұйымдары жәрмеңкесі

Қолөнер бұйымдары
©newsvl.ru

Қалада қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлер көп. Олар ерікті түрде бірігіп, «Арбатта» қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін өткізбек. Сенбі және жексенбі күндері «Арбатқа» барсаңыз, қолдан жасалған түрлі заттарды арзан бағада сатып алуға болады.