Не болды?
Әлеуметтік желіде алауыздық қоздырған азаматтар 20 жылға дейін сотталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Бас прокуратураның дерегінше, кейінгі күндері әлеуметтік желіде жұртты арандату сипатындағы видео, жазба мен пікірлер тараған. Заң бойынша желіде алауыздық қоздырған азаматтар 2 жыл мен 20 жыл аралығында сотталуы мүмкін. Бұдан бөлек, Қазақстандағы онлайн қолданбаларда құқыққа қайшы контент жариялауға және оны таратуға тыйым салынған. Мұндай жағдайда тек авторлар емес, контент таратуға үлес қосқан адамдар да әрекетіне жауап береді:
- Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша, алауыздық қоздырғандар іс-әрекеттің ауырлығына қарай 2 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл арқалайды немесе 2 жылдан 20 жылға дейін сотталуы мүмкін;
- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша, құқыққа қайшы контент жариялаған немесе таратқан азаматқа қылмыстық құқық бұзу белгісі болмаса, 20 АЕК айыппұл салынады;
- Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша, көрінеу жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік жүктеледі;
- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша, жалған ақпаратты жариялап, таратқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейтінін және заңға сәйкес қатаң түрде қудаланатынын еске саламыз. Тараған ақпараттың шынайы екенін тексеру керек. Сондай-ақ қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін материалдарды жариялаудан және таратудан бас тарту қажет, — делінген хабарламада.
Бас прокуратура азаматтарға ақпаратты тексеріп, арандатуға ермей, қоғамдағы және азаматтар арасындағы құрметке нұқсан келтіретін тақырыпта пікір жазбау керек екенін ескертті.
Контекст
Естеріңізге салайық, Алматыда супермаркет қызметкеріне агрессия көрсеткен әйелге 20 айлық есептік көрсеткіш айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік жүктелді.
