Не болды?
Қазақстандағы 32 су қоймасына электрлі станса салынады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметі бойынша, «Қазсушар» РМК су шаруашылығы нысанында гидроэнергетиканың әлеуетін арттыру жөніндегі жол картасы аясында шағын гидро электрлі станса (ГЭС) салуға арналған 32 су қоймасын іріктеді.
Қазір кәсіпорын:
- Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасында;
- Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасында;
- Абай облысындағы Қаракөл су қоймасында шағын гидро электрлі станса салуға арналған құжатты дайындап жатыр.
Сонымен қатар «Қазсушар» РМК тағы 23 жоба бойынша есеп жүргізіп, құжат әзірлейді. Жол картасындағы басты нысандар:
- Қостанай облысындағы Қаратомар;
- Жоғарғы Тобыл су қоймалары;
- Жетісу облысындағы Аяқ-Құншан магистрал каналы;
- Түркістан облысындағы Үлкен Келес магистрал каналы.
«Барлық жоба толық іске асқан жағдайда «Қазсушар» РМК нысандарында өндірілетін электр энергиясының жалпы қуаты жылына 30 МВт-қа жетеді. Қазір кәсіпорында үш шағын ГЭС бар. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев гидроторабында, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында және Қорғас өзеніндегі Достық гидроторабында орналасқан», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еңбекшіқазақ ауданындағы Үлкен Алматы каналының транзит нысандарында шағын гидро электрлі станса орнату мақсатында «Қазсушар» РМК мен жеке инвестор келісімшартқа қол қойды.
Контекст
Естеріңізге салайық, сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысындағы «Сергеев» су қоймасы тасып, бөгет жотасынан асқан су деңгейі 111 сантиметрге жеткен еді.
