Басты бетЖаңалықтарБаум тоғайындағы...

Баум тоғайындағы жер телімдері қала меншігіне қайтарылды

Алматы әкімдігі «Баум тоғайы» табиғи ескерткіші аумағындағы жер телімдерінің рұқсатсыз басып алынғанын анықтады.

Бақ коммуналдық меншікке өткеннен кейін жеке тұлғалар мен көлік тұрағын ұйымдастырушы автосалон қожайындарының бұл аумақтағы жерді иеленуі заңсыз болып отыр.

Маусым айының соңында Алматы әкімі Бауыржан Байбек басып алынған жер телімдерін қайтаруды және оны жасылдандыруды тапсырған еді. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ақпараты бойынша қазіргі кезде мегаполистің ең үлкен және жасыл аумағындағы барлық жер учаскесі қалаға қайтарылды, — делінген қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бақ периметрі бойынша тәулік бойына жұмыс істейтін полицияның төрт тұрағы ашылды, сонымен қатар бұрын құлаған ағаштардан жасалған экостильдегі навигациялық тақтайшалар, орындықтар қойылды. Терек, емен, қайың аллеялары үшін ағаштар отырғызу жоспарланған.

Ағаштардың иммунитетін арттыру және зиянкестерден қорғау үшін заманауи препараттар арқылы жасыл желек биологиялық өңдеуден өтеді. Табиғи аймақта флора мен фаунаны кеңейту міндеті қойылған.

Алматыда соңғы айлар ішінде осымен бірнеше жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Әкімдіктің қаулысы бойынша «Атакент» іскерлік-ынтымақтастық орталығы аумағындағы 23 гектар жер телімін уақытша жалға беру туралы келісім күшін жойды. TURKUAZ GROUP OF COMPANIES компаниясы «Южный» паркі учаскесінде тұрғын салудан өз еркімен бас тартты.

Екінші деңгейлі банктердің бірімен Розыбакиев-Штраус-Есқараев-Радостовец көшелері аумағындағы жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы келісімге қол жеткізілді. Сақ қорғаны орналасқан бұл жерге ашық аспан астындағы музей салу жоспарланған.

Сонымен қатар Алматы әкімдігі қала ипподромы мен «Сайран» автовокзалын тарихи-мәдени мұра обьектілерінің алдын ала жасалған тізіміне енгізді.

Өткен аптада мегаполис әкімі Бауыржан Байбек Абай көшесі бойындағы Түрксіб ауруханасының бұрынғы ғимаратын Алматы тарихы ескерткіштері тізіміне енгізу мәселесін қарастыруды тапсырған еді.

Ғимараттарды тарихи-мәдени мұралар тізіміне енгізу оның сыртқы келбетін және ішін, конструкцияларын, құрылысын, мақсатты пайдаланылуын өзгертуге және қорғалатын аумағын бұзуға тыйым салуға мүмкіндік береді. Нысанды өзгертуге, жөндеуге және реконструкциялауға қатысты кез келген шара өкілетті органның келісімімен ғана жүргізіледі.