«Қазгидромет» РМК синоптиктері елімізде алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Синоптиктердің мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің батысында және солтүстік-батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады және екпінді жел күшейеді.
9 шілдеде елдің шығысында әлі де жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей уақыттарда қатты жаңбыр күтіледі, кейін жауын-шашынсыз ауа райы орнайды. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда да қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай болады. Ал республиканың қалған аумағында жауын-шашынсыз, ыстық ауа райы сақталады.
Күндізгі ауа температурасы қатты және өте қатты ыстықтың критерийлеріне жетеді: еліміздің батысында және оңтүстік-шығысында +33…+42°С-қа дейін, солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында +32…+40°С-қа дейін, оңтүстігінде +38…+45°С-қа дейін, ал шығысында +30…+38°С-қа дейін көтеріледі, – делінген синоптиктер болжамында.
