Атырауда құрылыс саласының үздіктері анықталды

Құрылысшылар күніне орай ұйымдастырылған байқауға 20-ға жуық құрылыс саласының маманы қатысты. Бұл туралы Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Құрылысшылар күні мерекесіне орай Самал ықшамауданында салынып жатқан өрт сөндіру депосы құрылысында құрылыс мамандары арасында байқау өтті. Байқаудың басты мақсаты – өңіріміздегі құрылыс мамандарының кәсіби деңгейін жоғарылату мен жастарды құрылысшы мамандығына тарту. Облыстық құрылыс басқармасының ұйымдастыруымен өткен сайыста Темірлан Сапар «Үздік сылақшы», Болатбай Есқайыров «Үздік қалаушы» және Бақытжан Сабыров «Үздік дәнекерлеуші» атанды.

«Мамыр айында Қызылордада құрылысшылар арасында өткен жарыста Атырау облысының тас қалаушылары бірінші орынды иеленген еді. Сол бастаманың жалғасы ретінде бүгінде өңірімізде өткізіп жатырмыз. Байқаудан жеңімпаз болған қатысушыларымызға жүлделі орындарымыз бар. Сонымен қатар алдағы күндері құрылыс мамандары арасында спорттық сайыстар өткізіледі», — дейді Атырау облыстық құрылыс басқармасының құрылыс бөлімінің басшысы Нұрлыбек Сақпаров.

Айта кетейік, елімізде құрылысшылар күні тамыз айының екінші жексенбісінде аталып өтеді.