Денис Тен ісі: Күдіктілер көлік тонағаны үшін үшінші рет жауапқа тартылып отыр

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов Денис Тенді өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың бұған дейін автокөлік айнасын ұрлағаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

«Қиясов пен Құдайбергенов бұрын дәл осы көлік айнасы ұрлығы бойынша ұсталған. Біз оларды сотқа жолдағанбыз. …Құдайбергенов Қызылорда облысынан бастап, жауапкершілікке үш рет тартылды. Қиясов та жауапкершілікке тартылған. Бұл жолы үшінші рет», — деді Рашид Жақыпов ІІМ брифингінде. Брифингтен Facebook әлеуметтік желісінде онлайн трансляция жасалды.

ҚР ІІМ өкілі Денис Теннің өлімі бойынша күдіктілердің бұлтартпас дәлелдермен ұсталғанын, олардың «алғаш қолға іліккен» кездейсоқ күдіктілер емес екенін мәлімдеді.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілер қылмысын мойындап, полицияға негізгі заттай айғақ — пышақты тапсырды.

25 жастағы даңқты мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні Алматыда қаскөйлердің қолынан қаза тапты.

Денис Тен – 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.