Жалпы қашықтығы 20 шақырымды құраған турнирге арнайы қонақ ретінде Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов шақырылды. Айта кету керек, бұл сайыс Ақ Жайық өңірі тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, қалың бұқараны спортқа көптеп тарту мақсатын көздеді.
Жарыстың Орал қаласы Зашаған ықшамауданындағы №30 мектептің жанынан басталып, Тұңғыш Президент атындағы жаңа алаңда мәреге жетуі тиіс болды. Турнирге қатысушылар 20 шақырымдық сайыстың алғашқы 5 шақырымын жүгіріп өтті, 12,5 шақырымды велосипедпен бағындырды және қалған 2,5 шақырымды жүгіріп аяқтады. 100 кәсіби дуатлоншы және 400-ге жуық әуесқой спортшылар қатысқан жарыста әр түрлі жастағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Мәселен, 41-50 жас аралығында М.Сабырғалиев чемпион атанса, екінші, үшінші орындарды Н.Аманқұлов пен Т.Жарылқағанов өзара бөлісті. 31-40 жас арасынан А.Алиев жеңімпаз болып, қалған жүлделі орындарға Р.Есқалиев пен П.Казанцев жайғасты. Әйелдер арасында О.Келазева үздік шықты. 18-30 жас аралығындағы спортшылар ішінен Е.Ойлыбаевтың жұлдызы жанса, қалған жүлделі орындарды Ж.Дәуіт пен Ғ.Шабдан иеленді.
12,5 шақырымдық велосипешілер жарысында ерлер арасында А.Ренхе үздік шықса, Д.Кулинов пен Т.Жұмашев жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әйелдер арасында А.Спиринаның жұлдызы жанып, А.Черемохова мен Е.Илюхина жүлдегер үштікті түйіндеді.
Турнир қорытындысында жеңіске жеткен дуатлоншыларға бағалы сыйлық-велосипед тарту етілді. Қалған жүлдегерлер ескерткіш сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.