Басты бетЖаңалықтарҚР-ның Дипломатиялық...

ҚР-ның Дипломатиялық күніне орай салтанатты жиын өтті

СІМ-нен мәлім еткендей, шараға Президент Әкімшілігі, Парламент, министрліктер мен ведомстволар өкілдері және дипломатиялық қызмет ардагерлері қатысты. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қайрат Әбдірахманов министрліктің барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ егемендік пен тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан заманауи отандық дипломатияның бастауында тұрған Мемлекет басшысы — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас «сәулетшісі» болып табылатын дәйекті және тиімді сыртқы саясатты жүргізіп келетінін атап өтті.

«Біз өзіміздің ұлттық тәуелсіздігімізді, егемендігімізді, аумақтық тұтастығымызды қорғап, қауіпсіздіктің тұрақты кепілдіктерін қамтамасыз етіп «тату көршілік аймағын» қалыптастырдық. Осының бәрі Елбасы — Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың дана саясатының арқасында болды. Қазақстан Тәуелсіздіктің 26 жылында біздің елмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі барлық мемлекеттермен және ұйымдармен достық және конструктивті қарым-қатынас орнатты», — деді министр. Сонымен қатар, Қазақстан әртүрлі халықаралық алаңдарда, платформаларда, бейресми форумдарда және көпжақты жаһандық және аймақтық келісімдерде толыққанды қатысушы болып табылатыны атап өтілді.

Сыртқы саясат ведомствосының негізгі миссиясы дипломатиялық қорғау құралдарымен біздің еліміздің егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын және шекараларымыздың мызғымастығын, басқа мемлекеттермен өзара қатынастарда және халықаралық аренада елдің саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады. СІМ стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды және Елбасының жолдауларын іске асыру шеңберінде өзінің алдына қазақстандық дипломаттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кадр саясатының транспаренттілігі, дипломатияны цифрландыру, шешімдердегі прагматизм мен рационализм, әлемдік тәжірибені тарту және озық дәстүрлерге адалдық, сыртқы саясат ведомствосының жұртшылық үшін ашықтығы сияқты жүйелі сипаттағы міндеттерді қояды.

Салтанатты жиналыс барысында министрліктің қызметкерлері, Қазақстанның дипломатиялық қызмет ардагерлері ведомстволық наградалармен және «Астана 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Министр басшылар құрамы, сондай-ақ орталық аппарат пен шетелдік мекемелердің қызметкерлеріне кезекті дипломатиялық рангтарды беру туралы ҚР Президентінің Жарлығы және Сыртқы істер министрлігінің бұйрығын оқып берді. Ресми шара барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің жас дипломаттары — мемлекеттік қызметкерлер Отанға және халыққа қызмет етуге, заңдар мен Конституцияны қатаң сақтап, елдің мүдделерін мүлтіксіз қорғауға ант етті.

Дереккөзinform.kz