Басты бетЖаңалықтарАқтас кентінің...

Ақтас кентінің тұрғыны Дулат Ақанов ит жүгіртіп, қыран баптайды

Дулат Ақанов сахнада әнші, ал түзде саятшы. Бала кезінен бүркіт өсіруді армандаған жас жігіт жеті қазынаның иесін де, киесін де жақсы біледі.Ол құсты мақтан үшін ұстамайды. Көк байрағамыздың символы саналған, атадан балаға мирас болып жалғасқан өнердің өрлеуіне тамшыдай болса да үлесімді қоссам дейді. Жебе есімді  қолындағы қыранның салмағы 4 келі. Қияда қалықтап, құзға ұя салатын құстың мінезі де ауа-арайы секілді құбылмалы келетін көрінеді. Кірпияз бүркіт тек етпен ғана қоректенеді. Тіпті тіл-көз тиеді деген ырыммен көлденең жұрттың көзіне көрсетпей, бөлек үйде өсірген.

Сондай-ақ  дәстүрлі әнші  құмай тазы өсіреді. Бұл көкқасқа иттің   арғы тұқымы қоянды төспен соққан, қасқырдың тілерсегін қиған. Яғни алдынан қашқан аңү ұшқан құс құтылмаған. Шашақ құлағы мен содырайған бақайларлы, сидиған қабырғаларынан таза қанды екенін бірден аңғарасыз.Өткен жылғы қансонарда    құмайды  иесі қарсақ пен түлкіге салыпты. Негізінен қазақтың аңыз-әпсанасы құмай тазылар ала қаздың жұмыртқасынан шыққан дегенді қуаттайды.«Сары ала қаздың жұмыртқасынан кейде күшік туады екен. Сол құмай болады. Оны тәңір берейін деген адамға кез қылады» делінеді аңыздарда.

Ал Ербол Алшынбаевтың есімі арқа жұртына жақсы таныс.Жаңаарқа ауданының тумасы  әуезді үнімен тыңдарманын үйіріп, жүрегін жаулаған.Бірақ  белгілі өнерпаздың біз бен сізге беймәлім белгісіз қырлары бар. Ол қаршығадай қырғи құсты ауласы бар жер үйде емес, көп қабатты пәтерде  ұстап отыр.  Аядай бір бөлмені құсына арнап, тұғыр да жасап қойыпты.Құсбегілік бозбалаға атаның қаны арқылы дарыпты.

Жер бауырлап ұшып, жемтігін қалтарыстан қағып алатын құс қазір түлекте тұр.Бұйыртса оны жас әнші  шіл мен құрға баптап салмақ. Эстрада жұлдызы гастролдік сапарларда да өзімен бірге қаршығасын алып жүреді. Ербол шалғай аймақтардан  шаршап шалдығып келсе де, серігін қыдыртуға уақыт табады.

2007 жылы Ұлыбританияның Лондон қаласында әлем құсбегілерінің І Фестивалінде қазақ бүркітшілерінің гран-при жүлдені жеңіп алғанын кезінде бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазғаны ұмытыла қойған жоқ. Иә қыран бүркіт салып, құмай тазы ерткен бабалар азығын да, қызығын да саятшылықтан тапқаны рас. Бүгінде Қазақстанда құсбегілердің саны 100-днн асады. Ал таза қанды қазақы құмай тазының 300 дей түрі ғана  қалыпты.

Біле білсек ұлттық өнер – ұлтқа тиесілі асыл мұра, баға жетпес байлық. Ендігі мақсат өгейсіп қалған саятшылық өнерімізді әрі қарай дамыта түсу. Бірақ, аң- құсына бөлек үй тіктірген құрмет пен дархан көңіл әзірге байқалмайды дейді біздің өңірдің әнші-саятшылары.