Іс-шараға қатысушылар еліміздің бас қаласының дамуы, елорданың 20 жыл ішіндегі негізгі жетістіктері туралы айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясы Солтүстік Қазақстан облысындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері сөз сөйледі.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы Астананың 20 жылдығына арнап интерактивті іс-шаралар өткізіп жатыр. Бұл мерейтой — әлемдік ауқымдағы оқиға деп есептеймін. Біздің Президентіміз 1994 жылы өз сөзінде: «Астана тек қоғамдық-саяси орталық қана емес, сондай-ақ мәдени, рухани мегаполис. Астана — Ұлы даланың қазынасы» деген болатын», — деп атап өтті ҚХА СҚО хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов.
Сондай-ақ, ол Ассамблея мүшелерінің бір апта бойы Астананың туған күнін тойлауға арналған түрлі іс-шаралар өткізетінін атап өтті.
Бүгін барлық қатысушылар музейге экскурсия жасады. Ондағы залдардың бірі ҚР Тұңғыш Президентіне арналған. Мұнда Астананың дамуы туралы материалдар да ұсынылған.
Облыс әкімінің өкімімен наурыз айынан бері Петропавлдағы музейге кіру тегін.