Салтанатты жиынға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев, Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев, қалалық Ішкі Істер Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Сансызбаев, қала әкімдігінің қызметкерлері, полиция қызметкерлері, өнер қайраткерлері, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында Ішкі істер органдарына жаңадан қабылданған жас қызметкерлер ант қабылдады.
Алғашқы сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашев полиция қызметкерлерін бүгінгі айтулы мерекелерімен құттықтап, қалалық полиция қызметкерлеріне жаңа автокөліктердің кілтін табыстады.
«Дәл осы күні, яғни 1992 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдаған болатын. Аталған ширек ғасырда бұл қызмет түрі абыройға ие. Қазақстан полициясы күні — осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінгі күні қызмет етіп жүргендерге қала әкімдігінің атынан ризашылық пен алғыс сезімін білдіруге рұқсат етіңіздер!» — деді қала әкімі Дастан Шалтабаев.
Бұдан кейін Дастан Тұрарбекұлы қалалық Ішкі Істер Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Қанатайұлы Сансызбаевқа Талдықорған қаласының «Құрметті азаматы» атағын табыстады.
Ал өз кезегінде сөз алған Талдықорған қалалық Ішкі Істер Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Сансызбаев қала әкімі Дастан Шалтабаев және қала әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаевты Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының 25 жылдығына арналған медальмен марапаттады.
Жиын соңында келген көрермендерге концерттік бағдарлама беріліп, көңіл көтерерлік номерлер қойылды.