Ішкі істер министрлігі қосымша отын бактарымен заңсыз қайта жабдықталған көліктерге қарсы бақылауды күшейтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ІІМ мәліметінше, қазір мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің маңында 59 полиция бекеті жұмыс істеп тұр. Негізгі мақсат – жанар-жағармай материалдарының елден заңсыз әкетілуіне жол бермеу.
ІІМ дерегі бойынша, жыл басынан бері қосымша отын бактары заңсыз орнатылған көліктерді пайдалануға қатысты 255 құқық бұзушылық анықталған.
Құқық бұзушылардың барлығы ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Жауапқа тартылғандардың ішінде 195 шетел азаматы мен 60 Қазақстан азаматы бар. Тексеру барысында көліктерге заңсыз орнатылған қосымша отын бактары алынып тасталып, көлік құралдары иелеріне қайтарылған.
ІІМ азаматтарға көлік құралдарын рұқсатсыз қайта жабдықтау заң талаптарына қайшы екенін еске салды. Мұндай құқық бұзушылық үшін 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 64 875 теңге айыппұл қарастырылған.
