БҚО-да өткен «Жайықтың қасиетті орындары» атты форум өз мәресіне жетті

Ауқымы үлкен шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов Ақ Жайық өңіріндегі тарихи құндылығы зор ескерткіштерді сақтап, олардың мән-маңызын жас ұрпаққа ұғындырудың маңыздылығын атап өтті. Форумның басты нысаны — музейлер болғандықтан, өлкетанушылар облыс орталығындағы музейлермен қатар, Бөкей ордасы, Сырым, Жәнібек, Теректі аудандарындағы қасиетті орындарды аралап, жәдігерлер тарихына қанықты.

Мәселен, Теректі ауданына ат басын бұрған қонақтар әйгілі «Алтын ханшайым» табылған Тақсай қорымдар кешенін қалыпна келтіру жұмыстарының барысына куә болса, Сырым ауданына сапар кезінде жолай «Дәдем ата» (Жұмағазы Хазірет) кесенесіне соғып, Сырым шыққан төбеге тәу етіп, одан әрі аудан орталығындағы Алашорда мұражайымен, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайымен танысты. Форумға қатысушылар Сырым ауданында үлгі аларлықтай істер барына, Сырым батырдың жерленген жерінен топырақ әкелініп, кесенесі тұрғызылғанына риза болды. Өз өңірлеріндегі елден жырақта жатқан батырларының топырағын туған жерге әкеліп, кесене орнатып, өнегелі іс жасау туралы жергілікті басшыларына ұсыныс тастайтындарын айтты.

Жәнібек ауданында қонақтарға «Киелі жер» жобалары бойынша жалпыұлттық маңызы бар қасиетті 100 нысанға Батыс Қазақстан облысы бойынша Ғұмар Қараш қорымының енуі, ақынның туған жерінде кесенесінің тұрғызылуы хақында баяндалды.

Форум аясында, сондай-ақ, танымал жас суретші Аңсаған Мұстафаның көрмесі, Ақтөбе және Павлодар облыстық музейлерінің көрмелері ашылды. Қолөнершілер жәрмеңкесі, «Домбыра-думан» шарасы, сән көрсетілімі, мерекелік концерт өтті.