Дәурен Абаев Ақтөбедегі жағдайға қатысты пікір білдірді

«Кеше барлығымыз үшін ауыр күн болды… Лаңкестердің қолынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, жарақат алғандардың сауығып кетуін тілеймін. Біздің полицейлер мен әскерилер қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, экстремистердің қылмыстық әрекеттерінің соққысын өздеріне қабылдады. Мұндай күрделі кезеңдерде қоғамдағы тұрақтылық көп жағдайда ақпараттық алаңға да байланысты. Сондықтан да ішкі істер министрлігіндегі әріптестеріме дер кезінде ақпарат беріп отырғандары үшін алғыс айтқым келеді», — деп жазды министр Facebook парақшасында.

«ІІМ баспасөз қызметі ақпараттарды жедел тексеріп, жедел жұмыс істеді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының ашық ұстанымы халық арасындағы қауесеттердің таралмауына септігін тигізді. Біздің журналистерге де ақпараттарды ресми дереккөздерге сүйеніп, әділ бергені үшін алғыс айтамын. Біз ары қарай мемлекеттік органдардың жұмысының ашықтығын көтеру үшін жұмыс істейміз», — деді ол.

Еске салайық, кеше Ақтөбенің үш ауданында атыс болған еді. ҚР ІІМ өкілдері белгісіздердің «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны жайлы хабар келіп түскенін хабарлады. Сонымен қатар, тағы бір қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге шабуыл жасалғаны белгілі болды.

Дереккөзtengrinews.kz