Азанның дыбыс деңгейіне байланысты бірнеше шарт қойылды

Азан шақыру — мұсылман дәстүрінің ажырамас бөлігі. Дегенмен соңғы уақытта мешіттердегі азанның дыбыс деңгейін реттеуге қатысты көптеген өтініш айтылады.

Осы тұрғыда Дін істері комитеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен және облыстардың, Астана мен Алматы дін істері жөніндегі басқармасымен бірлесіп, мешіттердегі азанның дыбыс деңгейін тұрғын үй және басқа үй-жайларды, қоғамдық ғимараттарды ұстауға және пайдалануға арналған санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.

Аталған талаптарға сәйкес, пәтерлердің бөлмелеріне шудың ену нормалары сағат таңғы 7.00 ден түнгі 23.00-ге дейін 55-тен 70 дБА (децибел), ал, сағат 23.00 ден 7.00-ге дейін 45-тен 60 дБА (децибел) болу қажеттігі көрсетілген.

Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерге азанның дыбыс ырғағын асырмауға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескертеді.

Діни мекеме басшылары қаладағы шу деңгейіне қатысты және басқа да санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға міндетті және бұл жөнінде тұрғындар арасында да түсіндіру жұмысын жүргізіп отыруы қажет.