Кейінгі кезде күйеу жігіттің қыз ұзату тойда қайын жұртына сәлем берген видеолары тарап жатыр. Күйеу жігіттің қайын жұртына иіліп, сәлем беруі әлеуметтік желінің әсерінен кеше, бүгін пайда болған «тренд» емес. Бұл — тәжім ету салты. Келіннің сәлем салып, үлкендерден бата алу салты әлі күнге дейін сақталып отыр. Ал күйеудің тәжім етуі ұмыт қалғандықтан, бұл салтты жұрттың басым бөлігі оғаш көреді.
Baribar.kz күйеу жігіттің қайын жұртына тәжім етуі жайлы тарихи деректі оқырманға ұсынып отыр.
«Күйеудің сәлем салуы қайдан шыққан?!»
Келіндер, тіпті әулетке келін болғанына 30-40 жыл толған жеңгелер де сәлем салып, үлкендерден бата алады. Тек қазақ халқында емес, түркі халықтарында да келін күйеуінің туысқандарына сәлем салады. Сәлем салу — қазақ қоғамындағы даулы әрі тартысты тақырып. Мәселен, қазір жұрт әлеуметтік желіде күйеу жігіттің қыз ұзатуда иілуін талқылап жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Көбіне ерлер тәжім етуге қарсы болса, кейбірі тәжім етуді күйеу баланың қайын жұртына алғысы мен құрметі деп біледі. Ал XIX ғасырдың ортасында-ақ Ыбырай Алтынсары бұл дәстүр біртіндеп жойылып жатқанын және «қу ордалықтардың» тәжім етуден жалтаруға тырысқанын жазған.


Ыбырай Алтынсары: күйеу қолын төмен түсіріп, белін бүгіп, тәжім етеді
Мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай бөліскен тарихи дерек бойынша, күйеу жігіт қызға ұрын келгенде қалыңдықтың туыстарына тәжім еткен, тіпті қалыңдыққа да сәлем берген. 1860 жылдардағы Ыбырай Алтынсарының этнографиялық зерттеуінде әйел күйеуді қарсы алуға шыққанда, күйеу мен оның жолдастары аттан түсуге тиіс екені жазылған. Әйел жақындаған кезде күйеу жігіт қолын төмен түсіріп, белін бүгіп, тәжім етеді. Содан кейін қалыңдықтың жақын туыстарының бірі жігіттің қолынан ұстап, киіз үйге бастап кіреді.
Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында Абайдың Ділдә ауылына келген сәтін «күйеулер бұл кезде төмен иіліп, тәжім қып тұр екен» деп жазған.

Ескі фотосурет. «Күйеу жігітті сынау»
Әлеужеліде күйеу жігіт киіз үйдің кіреберісінде қыздың туыстарына иіліп, сәлем беріп тұрған фотосы тараған еді. Этнограф Досымбек Қатыранның сөзіне қарағанда, бұл суретте құда түсу немесе күйеу жігітті сынау сәті бейнеленген. Ол «Түркістан альбомы» топтамасындағы бұл сурет «Қырғыздардың (яғни, қазақтардың — ред.) үйлену салты» немесе «Күйеу жігітті сынау» деп аталатынын айтты. Сурет Алматы қаласының мемлекеттік архивінде сақталып тұр. Фотосуреттің авторы — этнограф, фотограф Александр Людвигович Кун. Жас жігіт қайын жұртына келгенде иіліп сәлем береді, ошаққа май құяды. Бұдан бөлек «шаш сипатар» және «қол ұстатар» деген жоралғыларды жасайды. Бұл дәстүрлер қайын жұртына алғаш барғанда ғана орындалады, яғни кейін қайталанбайды.

***
Тағы оқыңыз:
