Діни басқарма түсіндіру жұмысының жоспарын бекітті

Кеше Алматы қаласы орталық мешіті ғимаратында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазіреттің бастамасымен құрылған жергілікті ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің отырысы өтті. Басқосуға Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Рахымжанұлы және Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы қатысты.

Бас имам Еркінбек қари Шохаев имамдар үнемі көпшілік халықтың ортасында жүретіндігін еске салып, ел мен діннің мүддесін даналықпен, дұрыс насихаттай алу қажеттігін тілге тиек етті. Ал басқарма басшысы Айдар Рахымжанұлы халық арасында зайырлы мемлекетіміздің ұстанымдарын, дініміздің өркендеуіне жасалып жатқан жағдайларды насихаттаудың маңызы зор екенін айтты.

Жиын соңында Алматы қаласы көлемінде жүргізілетін насихаттық жұмыстардың жоспары бекітіліп, сол жоспарға сай оқу орындары, түзеу мекемелері, мемлекеттік ұйымдар және халық көп шоғырланатын арнайы орындарда түсіндірме жұмысы жасалатын болып келісілді.