Тынымсыз тіршілік апта бойы терең тыныстауға, табиғат аясында демалуға, отбасыңызға, достарыңызға көңіл бөлуге мұрша бермей жатады. Ал демалыс күндерін ұйқысын қандыруға, бітпеген шаруаларын тындыруға, үй жөндеу немесе құрылысқа арнайтын адамдар жаңа аптаға күш-қуат жинап үлгермейді. Сондықтан, демалысты тиімді әрі көңілді, денсаулыққа пайдалы етіп өткізу керек.

Үлкен қаланың үлкен артықшылығы — демалыс күндерін қызықты өткізуге мүмкіндіктердің көп болуы. Алматының табиғаты керемет, сол себепті қай жыл мезгілінде болса да демалысты табиғат аясында өткізуге болады. Әсіресе, көктем мезгілі көкке шығуға, табиғаттың тамаша құбылыстарын тамашалауға таптырмайтын уақыт.

Сонымен, белсенді демалыстың қандай қолжетімді түрлері бар?

Велосипед

Велосипед тебудің денсаулығыңызға да, қоршаған ортаның тазалығына да септігі мол. Велосипед тебуді демалыс күндері ғана емес, күнделікті жұмысқа барып-қайту құралы ретінде пайдалануға да болады. Сонда таңертеңгілік жаттығу жасаудың да қажеті жоқ. Транспорттың бұл түрінің денсаулыққа пайдасы көп. Қазақстан көшелерінде көпшілікке қолжетімді велосипедтер бар.

Велосипед
©gifer.com

Серуен

Қарапайым ғана серуен — офисте жұмыс істейтін, жұмысы қозғалыссыз тек бір орында отырумен шектелетін адамдар үшін демалыстың ең керемет түрі. Кешкі салқынмен, музыка тыңдап, не жаныңа біреуді ертіп алып, қаланың әдемі жерлерімен жүріп әңгімелесу көп қуаныш сыйлайды.

Алматы қаласы тау бөктерінде орналасқан, сонымен қатар қала сыртында біршама туристік объектілер бар. Белсенді демалыс іздейтіндерге биік шыңды бағындыру — тамаша мүмкіндік. Жаңа жер көріп, керемет әсер алып, рухани сергіп қаласың. Табиғат аясында үлкен топтармен демалған қызықты. Гитара алып, музыка қосып, билеп кетуге де болады. Бұл демалыс жайлы керемет естеліктер қалдыру үшін міндетті түрде суретке түсуді ұмытпау керек.

“Демалыссыз” демалыс

Демалысты тіпті де қажет етпейтін адамдар топтары да болады. Олар әрдайым ізденіс үстінде, жұмыс барысымен жүреді. Олардың басты қызығушылықтары — табысқа жету. Ондай адамдардың жұмысы өздеріне демалыс сияқты көрінеді, алайда ұзақ және қиын жұмыс күнінен кейін демалғанда рахатқа бөленетіндері сөзсіз. Бірақ көп демалып кетсе, бұл типтегі адамдар өздерін ештеңеге жарамсыз деп санап, жаман әсерде қалулары мүмкін. Сондықтан жұмысты жоспарлаған сияқты демалысты да жоспарлаған дұрыс.

Белсенді демалыс
©pikabu.ru

Хабарландыру парақшаларында аптадағы қызықты оқиғалар туралы Алматы жаңалықтары беріліп отырады. Сол тізімнен өзіңе керек, қызықты, пайдалы деген іс-шараларды таңдап, баруға болады.

Ашық аспан астында…

Қазіргі ауа райы, табиғаттың жандануы шығармашылық адамдарға шабыт сыйлайтыны анық. Тамаша табиғат аясында сүйікті ісіңізбен айналысуға болады. Егер сізге кітап оқыған немесе фильм көрген ұнаса, ашық аспан астындағы кітапхана немесе ашық аспан астындағы кинотеатр жасау қиын емес. Тіпті, тамақтанатын орындардың да жазғы отырысқа арналған жерлері бар. Егер сіздің жұмысыңыз кеңседе отырып істейтін шаруа болмаса, жұмыстарыңызды да ашық аспан астында отырып бітіруге болады. Бұл жұмыс өнімділігін арттыруға кепіл бола алады.

Ашық аспан астындағы кинотеатр
©Etoday.kz

Спорт

Спорттың денсаулық кепілі екенін бәріміз білеміз. Бірақ, кәсіби түрде болсын, әуесқой ретінде болсын спортпен айналысуға ерінеміз. Белсенді демалыстың ең тиімді түрі — спорттық ойындар. Достарыңызбен, жақындарыңызбен доп ойнау, жүзуге бару, атқа міну сияқты спорт түрлері аса кәсібилікті және шығындалуды қажет етпейді.

Ал сіз демалысыңызды қалай өткізуді жоспарлап отырсыз?